Туған жерге туыңды тік!

12.02.2018

Көрулер: 2579

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде М.Сералин атындағы жастардың ұйымдастыруымен жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқаровпен рухани кездесу өтті.

Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы тізгінін ұстаған шараға, белгілі «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Түркістан» газетінің шолушысы Көлбай Адырбек, суретші Еркін Нұразхан қатысып Әлібек Асылбайұлының шығармашылығы туралы жылы лебіздерін білдірді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының аясында өткен кездесуде Әлібек Асқаровытың «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Көккөл», «Аспантау», «Шанағат», «Шабанбай», «Қазығұрт», «Мұзтау» атты кітаптары жиналған көпшілік қауымға таныстырылды. Аталып өткен кітаптар «Қазақ жерінің құпия сырлары» атты сериямен жарық көрген.

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Солардың көбісін зерттеп, осынау ұлан-байтақ өлкенің қасиеті мен сырын әрбір қазақ біліп, көкейіне түйіп жүрсін деген ниетте жазылған кітаптар»,- деді Әлібек Асылбайұлы.

Кездесу барысында жазушы әрбір кітаптың жазылу тарихымен бөлісіп студенттердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар Сағатбек Медеубекұлы журналистика факультетінің атынан «Алғыс хат» ұсынды. Рухани кездесуден студенттердің рухы көтеріліп, бұрын білмеген қазақ жерінің қасиетті мекендердің тарихымен сусындап қайтқаны ақиқат. Себебі осынау ұлан-ғайыр атырапты найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, келер ұрпаққа аманат еткен ата-бабаларымыздың елге еткен өлшесуіз еңбегін әрқашан да біліп, қадір-қасиетіне жету барлығымыздың парызымыз!

 

Баспасөз қызметі.