«Құрмет» орденінің кавалері

09.02.2018

Көрулер: 3894

ҚазҰУ-да тарих ғылымдарының докторы, профессор Қалқаман Жұмағұловтың 70 жылдық мерейтойы мен ғылыми-педагогикалық қызметінің 50 жылдығына  арналған «Интеграция және модернизация жағдайындағы Дүние жүзі тарихы және Еуразиядағы халықаралық қатынастар»  атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.

«Бұл форум өте маңызды уақытта өтуде. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында біз әлемде сенім мен сыйластықты ынталандыратын брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрғанымызды атап өтті. Шындығында, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болды. 2017 жылы біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып, 2018 жылдың қаңтарында біз онда төрағалық қызмет атқарып, ТМД және Шығыс Еуропа елдерінің арасында бірінші болып «ЭКСПО» мамандандырылған көрмесін өткізуге әлем қауымдастығы таңдаған алғашқы мемлекет болдық.

Мемлекет басшысы: «Біздің қоғамымыздың идеалы өз тарихын, тілін, мәдениетін, сонымен қатар қазіргі заманғы шет тілдерін меңгерген озық және жаһандық көзқарастары бар қазақстандық азамат болуы» керек деген болатын. Егер осы жолдарға мән берсек, онда бұл жолдар біздің құрметті Қалқаман Тұрсынұлының тұлғасына сайма-сай келеді. Профессор Қ.Т. Жұмағұлов халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын құрметтейтін Отанымыздың нағыз патриоты, атақты тарихшы-медиевист, ғылыми зерттеулердің ұйымдастырушысы, алдыңғы қатарлы биіктерге жетуге мүмкіндік беретін неміс және латын тілдерін жетік меңгеріп, көптеген еуропалық тілдерде тілдесе алатын жақсы лингвистикалық дайындығы бар маман ретінде танымал. Ғалым, педагог әрі ұйымдастырушының мақсаткерлігі, еңбекқорлығы мен адамдарға деген құрметі – бәрі профессор Қ.Т. Жұмағұловтың өзінің кәсіби және қоғамдық қызметіндегі жетістіктерінің ажырамас бөлігі»,- деді ректор Ғалым Мұтанов.

Жиында ҚР Білім және ғылым министрлігі білім комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов: «1972 жылдан бастап, 50 жылдан астам уақыт бойы Қ.Жұмағұловтың өмірі туған университетімен тығыз байланысты болды: студент, ассистент, аға оқытушы, доцент, декан орынбасары, тарих факультетінің деканы, 1991 жылдан 2016 жылға дейін 25 жыл бойы – кафедраның үздіксіз меңгерушісі болды. Дүние жүзіне белгілі ғалым өзінің өмір жолын осы университет қабырғасында білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосудан еш жалыққан емес», - деді төраға.

Коференцияда ҚР Білім және ғылым министрлігі, дін және азаматтық істер, мәдениет және спорт, сыртқы істер министрлігі және түрлі ғылыми мекемелер мен ұйымдардың арнайы құттықтаулары оқылды. Сондай-ақ жиында қызметтік жолын ассистенттен бастап профессорлыққа, ежелгі дәуір және ортағасырлар тарихы кафедрасының негізін қалаушысы әрі алғашқы меңгерушісі, атақты ғалым және Қазақстандағы тарих ғылымының ұйымдатырушысына дейінгі жолды жүріп өткен алғашқы қазақ тарихшы-медиевист ғалым жайлы ой-пікірлер толастамай айтылып, Қазақстандағы дүние жүзі тарихын зерделеу, посткеңестік кеңістіктегі заманауи тарих әдіснамасының және Қазақстандағы ұлттық тарих мәселелері талқылға салынды.

Баспасөз қызметі