Заң ғылымының заңғары

05.02.2018

Көрулер: 3318

ҚазҰУ-да «Ештай Ақжан Жайлауханұлы атындағы сот мәжілісі және медиация оқу залы» ашылды.

Сот жүйесіндегі басты тұлға —Ақжан Жайлауханұлы Қазақстан  бойынша сот жүйесінде еңбек өтілі ең көп судья қызметін атқарған.

Табиғатынан тазалыққа толы, бүйрегі тек шындық пен әділдікке бұратын азамат Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданындағы Екпінді ауылында дүниеге келген. 25 жасынан бастап судья болып еңбек еткен Ақжан Ештай Қарағанды мемлекеттік университетінен жоғарғы білім алып, Торғай облысында еңбек жолын бастаған. Әр жылдары Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облысының сот саласында аянбай тер төкті. 2013 жылы Алматы қалалық сотының төрағасы  лауазымына тағайындалып, осы қызметті өмірінің соңына дейін аброймен атқарды. Қариялар айтпақшы «есік пен төрдей» өмірінде төрелікті жүзеге асырып, мінсіз қызметі үшін көптеген марапатқа ие болған тұлға.

Тәуелсіз еліміздің сот жүйесі мен заң ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып, артына мәңгі өшпес із қалдырды – деді салтанатты ашылуға жиналған қауым. Сондай-ақ жиында ғалымның замандастары мен әріптестері заң ғылымының заңғар тұлғасы жайлы жылы лебіздер айтып, естен кетпес естеліктерімен бөлісті.

 

Баспасөз қызметі