«Рухани жаңғыру»: Алматыда Университеттер альянсі құрылды

01.02.2018

Көрулер: 6369

«Рухани жаңғыру»: Алматыда Университеттер альянсі құрылды

 Алматыда 38 ЖОО-ны біріктірген Университеттер альянсі құрылды. Альянстің басты мақсаты – ЖОО оқытушылары, ғалымдары мен студенттерінің әлеуетін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмылдыру. Оны құруға атсалысқан белсенді бастамашылардың бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында ұйымның алғашқы отырысы өтті.

Отырысқа жоғары оқу орындары, Алматы қаласы әкімдігі, ғылыми жұртшылық пен сараптамалық қоғамдастық, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері қатысты. Жиында сөз алғандар Альянстің стратегияны алға жылжытуда креативті тұғырнамаға, тәжірибе алмасуда диалогтық алаңға айналатынын және университеттердің рухани жаңғыруда қозғаушы күшке ие болуына ықпал ететінін атап өтті.  

 «Университеттер миссиясы біздің қоғамның рухани жаңғыруының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ол білікті маман ғана емес, ел азаматтарын қалыптастырумен байланысты. Патриоттарды, бәсекеге қабілеттілік, ашықтық, прагматизм, ұлттық кодты сақтау сынды сананы жаңғырту принциптерін кеңінен таратушыларды тәрбиелеумен жүзеге асады. Біз оқытушылар мен студенттердің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда үлкен рөл атқаратынын көріп отырмыз», – деді ҚазҰУ проректоры Шолпан Жаманбалаева.  

Альянс Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған құндылықтарды студент жастар арасында кеңінен таратуды алдыға мақсат етіп қояды. Бұл, ең алдымен, білімнің үстемдігі, бәсекегеқабілеттілік, прагматизм, сананың ашықтығы және басқалар.    

 «Бүгінде қаланың барлық университеттерінде «Рухани жаңғыру» бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әрбір университеттің өзіндік жобалары бар. Альянс арқылы біз күш-қуатымызды ортақ іске біріктіргіміз келеді.  Біз түрлі бағыттар бойынша жалпықалалық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ-дың проректоры Абай Жанатбек Шпекбаев.

 Жуық арада «University 38» альянсі бірқатар шараларды өткізуді жоспарлауда – алғашқы қалалық форум, бірегей нысандар тақырыбы бойынша ғылыми конференция, Қазақстан мәдениетін танытуға арналған интернет жобалар және т.б.