РОӘК-нің кезекті отырысы өтті

26.01.2018

Көрулер: 3888

ҚазҰУ-да «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға арналған оқу-әдістемелік бірлестіктің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Отырысқа ҚР Білім және ғылым вице министрі Аймағамбетов Асхат, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Шамшидинова Күләш және ҚР жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары қатысты.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын тікелей жүзеге асыруға арналған жиында ҚР Білім және ғылым вице министрі Аймағамбетов Асхат жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ондағы әлеуметтік ізгілендіру пәндерінің типтік оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту және жалпыға міндетті білім беру стандарттарын жетілдіру сынды мәселелерді алға тартты.

Сөз алған ҚазҰУ ректоры «Еліміздің жоғары оқу орындарының үш тілдік білім беруге көшуі – отандық кадрлардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудың және білім секторының экспорттық әлеуетін өсірудің негізгі шарты. Үш тілдік білім беру стратегиясы уақыт талаптарына жауап беруге, біздің қоғамның өмірлік қажеттіліктерінің шешімін табуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті.

Кезекте ««Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Шамшидинова Күләш: «Біздер күрделі де күрмеулі, сәт сайын өзгеріп, жаңаша жағдайлар мен талаптар туындатып отырған ғаламда өмір сүрудеміз. Бүгінде балаларға жалаң базалық білім беріп қою жеткіліксіз. Осы тұрғыда білім беру саласын жаңартылған мазмұнға көшіру барысында алдымызда мынадай міндеттер тұр. Біріншіден, тұрақты дамып отыру, оқылып жатқан жалпы оқу бағдарламаларына талдау жасау. Екіншіден, бағалау жүйесін жетілдіру. Себебі бұл жаңа бағдарламаның қалай іске асып жатқанын және оның нәтижесін көрсететін бірден-бір дүние», - деді төрайым.

Отырыс барысында РОӘК-і мүшелері білім беру бағдарламаларының негізгі басымдықтарына және осы саланы дамытудағы өзге де стратегиялық міндеттерге баса назар аударып, оқу-әдістемелік бірлестіктің РОӘК-і мүшелері қабылдаған шешімдер Қазақстанның бәсекелестікке қабілеттілігін жоғары дәрежеде қалыптастыруға үлес қостынына сенімді.    

Баспасөз қызметі