Ынтымақтастықтың жаңа бағыты

22.01.2018

Көрулер: 4250

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Шанхай көлік университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың университеттің вице-президенті Сю Сюемин бастаған қытайдың жетекші оқу орны делегациясымен кездесуі барысында орын алды.

Кездесуді ашқан ҚазҰУ ректоры университеттің қытайлық ЖОО-лармен әріптестікті белсенді дамытып, олардың бірқатарымен ірі ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асырып жатқандығын атап өтті. «Қытай университеттері мен ҚазҰУ арасында 30-дан аса серіктестік туралы келісімшарттар бар. Мәселен, қазіргі таңда ҚХР Ғылым академиясының Қашықтықтан зондтау және цифрлы жер институтымен (RADI) бірге ҚазҰУ-да ғылыми-зерттеу орталығы құрылуда. Ағымдағы жылы ҚазҰУ ҚХР Үкіметі гранты бойынша әлемнің 130 университетін біріктіруші Жаңа Жібек жолы Университеттер альянсінің IT-технопаркінің негізі болатын суперкомпьютерге ие болады», – деді ҚазҰУ ректоры.

Шанхай көлік университетінің вице-президенті Сю Сюемин ҚазҰУ тарапының ілтипатына алғысын білдіріп, бірлескен жұмыстың жемісті болатынына сенім білдірді. Вице-президент Шанхай көлік университетінің тарихы мен жетістектеріне тоқталып, халықаралық QS World University Rankings рейтингінде 62-орында тұрақталғанын атап өтті.

Кездесу аясында тараптар білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер секторындағы әріптестік мүкіндіктерін кеңейту тақырыбын талқылап, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асыру жайы қарастырылды. Шара соңында қытай университетінің өкілдері ҚазҰУ кампусы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, музей және әл-Фараби кітапханасының жұмысымен танысты.

 

Баспасөз қызметі