Цифровизациялау векторы

15.01.2018

Көрулер: 5802

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы талқыланды. Мемлекет басшысы белгілеген негізгі басымдықтарды назарға ала отырып,  университет ұжымы цифрлық экономика жағдайындағы адами капиталдың қалыптасуына бағытталған шешуші қадамдарды бағдарлады. 

Университет қоғамдастығы мүшелері Елбасы Жолдауын Қазақстанның одан әрі жаңғыруы бойынша жүйелі шараларды айқындап берген бірегей бағдарлама ретінде үлкен құлшыныспен және ықыласпен қабыл алды. Мемлекет басшысы алға қойған цифровизациялау және цифрлық технологияларды өмірдің барлық саласына енгізу ғалымдар талқылауында басты тақырыпқа айналды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов Жолдау алдағы қызметте және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздестіруде маңызды нұсқаулық болып табылатындығын атап өтті. «Университеттер адами капиталдың қалыптасуындағы маңызды субъектілер ретінде оның жаңа сапасын қамтамасыз етуі керек және қазақстандық қоғам жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуы тиіс», – деді ол. Сондықтан да, осы маңызды міндетті сезіне отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Al-Farabi University smart city» жобасы аясында 4.0 университет – жаңа ұрпақ университетінің үлгісін жүзеге асыруда. Аталған үлгі Президент Жолдауында қойылған тапсырмаларға толықтай жауап береді. ҚазҰУ алғаш рет ТМД көлемінде «Цифрлық Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында цифрлық университет үлгісін жасады және ЖОО қызметін автоматтандыруда бұлттық технологияларды, кампус инфрақұрылымын басқаруда Smart технологияларды әрі талдамалы жүйе қалыптастыру үшін Big Data технологияларын енгізді. Бағдарламалық жасақтаманың ірі өндірушісі – «Microsoft» компаниясының жоғары білім берудің IT тұғырнамасы дамуының инновациялық векторын қалыптастыруда әріптес ретінде ҚазҰУ-ды таңдауы кездейсоқ емес. 

ҚазҰУ Қазақстанда тұңғыш рет жаппай ашық онлайн курстарын бастады, бұл өз кезегінде Ашық білім берудің ұлттық тұғырнамасын іске қосуға мүмкіндік берді. Аталған тұғырнама қазақстандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. 

«E-кампус» жобасы базасында университеттің технологиялық тұғырнамасының қалыптасуына «Hewlett-Packard», «Cisco», «Koniсa Minolta», «Fujitsu», «Samsung», «Alcatel», «Касперский зертханасы», Microsoft, Intel, Huawei сынды ғылыми-білім беру орталықтары  тың қарқын берді. ҚХР Ғылым академиясының Қашықтықтан зондтау және цифрлық Жер институтымен (RADI) бірге Жерді зондтаудың цифровизациялық орталығы құрылған. Гонконг политехникалық университетімен бірлесе Технолофт Индустрия 4.0 – ғылыми-білім беру зертханасын құру бойынша жұмыс басталды.

Ағымдағы жылы ҚХР Үкіметінің Гранты – суперкомпьютер базасы аясында Жібек жолы Университеттер альянсының Халықаралық ІТ технопаркі іске қосылады. Жоғары өндірістік суперкомпьютер ІТ-технопаркінің ядросы болады, бұл – ғылыми зертханалар жұмысы, дизайн зертханалары,  3D принтинг, инновациялық шеберханалар, коворкинг-орталық пен «IGeneration» бизнес-инкубатор шоғырланған бірыңғай кластер. Бұл өндірістік индустрияның университеттермен жоғары өндірістік ақпараттық-коммуникациялық технологияларды құрастыруды шешу мен қолдану саласында табысты бірігуін қамтамасыз етеді және Силиконды дала сынды жоғары технологиялар аймағын құруға мүмкіндік береді.

Президент атап өткендей, цифрлық дәуір жағдайында елдің жаңа индустриализациялануында басты маңыздылық – кадрлық қамтамасыз ету болмақ.  Осыған орай ҚазҰУ-да ағымдағы оқу жылының екінші семестрінен бастап-ақ ақпараттық технологиялар факультеті құрыла бастайды. Жаңа факультет құрылымы аясында Суперкомпьютерлік технология базасында  мәліметтерді өңдеу орталығы, Big DATA салааралық зертханасы және Блокчейн зертханасы қарастырылған, сондай-ақ цифрлық  лингвистика зертханасы, оны ұйымдастыруға Эразмус+ халықаралық жобасы бойынша грант жеңіп алынған.

Қазақстанның дәстүрлі базалық өнеркәсіп индустриясына ірі ІТ-компанияларды және шетелдік ЖОО-лар-серіктестерді білім беру үдерісіне тарта отырып, «мол мәліметтермен» алмасып ІТ-мамандарды дайындау өндірістік үрдістерді автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект элементтерін қолдану салалары бойынша жүзеге асырылады. Жолдауды жүзеге асырудағы университеттің жол картасы аясында 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, денсаулық сақтау және білім берудегі цифрлы қызмет – келешегі зор өнеркәсіптерді дамытуға кадрларды дайындауға бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу қарастырылған. Бұл цифрлық дәуір жағдайында елдің жаңа индустриализациялану қажеттілігіне білім беру жүйесін бейімдеуге қосқан ҚазҰУ-дың нақты үлесі болмақ. 

Қатысушылар бағдарламалық құжаттта көрсетілген барлық тапсырмалар бойынша идеялары мен пікірлерін ортаға салып, талқылау нәтижесінде Жолдауды жүзеге асырудың кешенді жол картасын қабылдады.

ҚазҰУ баспасөз қызметі

8(727) 377 3148

www.kaznu.kz