Мемлекеттің жарқын болашағының тағы бір бағдары

10.01.2018

Көрулер: 3576

Күні кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы жарияланған болатын. Өзімізге белгілі болып отырғандай «Қазақстан-2050» бағдарламасына негізделе отырып 2018 жылғы 10 қаңтардағы бұл Жолдау «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»  деп аталды. «Құрметті қазақстандықтар! Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді», – деп сөз бастаған Президентіміз Н.Ә. Назарбаев бүгінгі таңдағы жаңа технологиялардың әлем дамуындағы ықпалы мен қабілетін айта келіп, жаһандық өзгерістер мен қауіп-қатерлерді жеңу мен даму сатыларына көтерілуге тағы да осы технологиялық жетістіктердің аса қажеттілігін, соған сай өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табудың маңызына тоқталды.

Еліміздің қазіргі дейінгі жеткен жетістіктеріне қысқаша шолу жасай отырып, елімізге дамудың жаңа сапасы қажеттілігі аталды. Соған орай алғашқы кезекте Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізу қажеттілігін айта келіп, Жолдаудың басты 10 бөлімімен таныстырып өтті. Алғашқы пунктте Елбасымыз индустрияландырудың жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы, соның ішінде білім беру жүйесі, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттілігін ерекше атап өтсе, екіншіден Ресурстық әлеуетті одан ары дамыту, яғни бұл тұста да шикізат көзі мен оны дұрыс пайдалана білу, қоршаған ортаны қорғау, әсіресе Экологиялық кодекске өзгерістер енгізудің маңыздылығы сөз болса, «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі деп аталған үшінші бағытта аграрлық саланы дамыту, соған сапалы мамандар даярлау, оны ғылыммен жетілдірудің қазіргі қажеттілігі, әсіресе интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті арттыру сөз етілді. Төртіншіден, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру сөз болса, ал бесіншіден, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу міндеті жүктелді. Мұндағы ең маңызды мәселе бүгінгі таңда халықты тұрғын үймен қамтудың қамтамасыз етілуімен бірге олардың экологиялық, энергетикалық тиімділігі, сапалы тұрғызылуы басты назарға ұсынылды. Халық тұрмысын жақсартудағы басты сала – қаржы екендігі рас. Бұл да назардан тыс қалмай, қаржы саласының «қайта жаңғыруы» атты алтыншы бөлімде нақтыланып, қаржының халық сұранысына сай негізделуі еліміздегі басты қаржы мекемелерінің құзырына ұсынылды. Ал жетінші «Адами капитал-жаңғыру негізі» атты бөлім білім мен ғылымның жаңа сапасы мен білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болуы сөз етілді. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшудің 2021 жылы аяқталатыны, соған орай жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар мен мамандар даярлау, педагогтарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау қажеттілігі аталды. Ал еліміздің ЖОО педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыта отырып, білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру тапсырылды. Ал 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасай отырып, үштілділікті меңгеру арқылы елде азаматтық қоғам құру, баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру, интернет желісі арқылы шалғай елді-мекендерге білім саласына қатысты ақпаратпен бөлісу, елімізде  металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту, мамандар біліктілігін арттыру, сол арқылы «рухани жаңғыруды» одан әрі нығайту сөз болды. Ал бұл үшін ең бастысы халықтың зор байлығы болып табылатын денсаулық сақтау саласына да назар аударылып, салауатты өмір салтын ұстау мен денсаулық сақтау саласының жұмысының үздіксіз дами беретіндігі нақты мысалдармен көрсетілді. Әсіресе халықтың әлеуетін көтеруде оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау саласы да айтыла келіп, оларға берілетін түрлі деңгейдегі көмектер мен зейнетақы көлемінің артатындығы белгілі болды. Ал сегізінші және тоғызыншы бөлімдер негізінен басқару ісі мен жемқорлыққа қарсы негізгі мәселелер және оны оңтайландыру жолдарымен жұмыс жасауға бағытталса, ал соңғы бөлім «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін деп атала отырып, 2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы мен жалпы заманауи технологиялармен қамтылған қалалар санын арттыру, өңірлік дамытуды жалғастыру, айналып келгенде халықтың жарқын болашағының негізі екендігі аталды.

Олай болса, Елбасымыздың бұл кезекті Жолдауы қалыптасқан Қазақстан мемлекетінің тікелей болашағы мен ертеңі үшін жасалған кезекті бағдары болып отыр. Ұлт болып, халық болып біріге отырып, осы бағдарды жүзеге асыру еліміздің әрбір азаматының борышы болып саналады.

 

 

Г.Е. Әбікенова, тарих ғылымының кандидаты