ҚазҰУ – Сколково: hi tech саласындағы ынтымақтастық

27.12.2017

Көрулер: 5058

ҚазҰУ – Сколково: hi tech саласындағы ынтымақтастық

 

Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов бастаған қазақстандық делегация «Сколково» инновациялық жүйелеріне сапармен барып қайтты. Инновациялар, ғылым мен жоғары технологияларды ортақ дамыту туралы келісім іс-сапардың басты нәтижесі болып табылды.

Делегация «Сколково» қоры жəне аймақтық даму департаментінің басшылығымен, сондай-ақ технопарктің бас директоры жəне оның тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту жəне ортақ инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

ҚазҰУ-да инновациялық жəне медициналық-биологиялық кластерді, сондай-ақ Қытай үкіметі тарапынан алынатын суперкомпьютер негізінде Жаңа Жібек жолы университеттері Альянсының ІТ-технопаркін құру жобалары Ресей əріптестерінің ерекше қызығушылығын тудырды.

«Сколково» өкілдері энерготиімділік жəне энергияны үнемдеу, ядролық жəне космостық технологиялар, телекоммуникация жəне биомедицина, ІТ технология жəне бағдарламалық жасақтама сияқты басым бағыттар бойынша ортақ жұмыстар жүргізуге дайындықтарын білдірді.

Тараптар сонымен қатар жинақталған тәжірибені ортақ коммерциялау жəне оларды екі мемлекет экономикасының нақты секторына енгізуге дайындықтарын жеткізді.

Массачусетс технологиялық институтының (АҚШ) қатысуымен жəне өзара серіктестікте құрылған Сколково ғылым жəне технология институтына сапар барысында жоғары білікті мамандарды, сондай-ақ зерттеушілер мен кәсіпкерлердің жаңа буынын дайындау мәселелері талқыланды.

«Сколково» құрамында инновациялық орталық, арнайы қор, ғылым жəне технология институты («Сколтех»), шамамен екі мыңға жуық тұрғындар бар. Олар коммерциялаудың жалпы деңгейінің 124 млрд. рубльден асатын ғылыми-зерттеу жəне кəсіпкерлік қызметтерін атқарады.