«Журналистика негіздері» практикумы

30.12.2017

Көрулер: 3737

«Журналистика негіздері» практикумы   

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде университет телерадио кешені қолдауымен жас тілшілер мен репортерларға арналған республикалық «Журналистика негіздері» циклдік практикумы өтті.

Алғаш рет факультетте өтіп жатқан тоғыз күндік курс бағдарламасында «Телевизиялық репортер шеберлігі», «Радио репортер шеберлігі», «Мультимедиалық  зертхана», «Фотожурналистика», «Операторлық шеберлік», «Жазу шеберлігі» модульдары бойынша  білікті де тәжірибелі журналистердің шеберлік-сыныптары мен практикалық дәрістері қамтылған.

Практикумға Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстары орта мектептерінен  журналистикаға қабілеті бар жүзден астам оқушылар қатысып, журналистиканың  қыры-сырын үйреніп, білімдерін байытуда.  

Курстың нәтижесінде іріктелген үздік жұмыстар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  журналистика факультетінде 2018 жылы 30-31 наурызда өтетін XVIІI  «Жас тілшілер» форумында таныстырылады.

2015 жылы 23 қазанда журналистика факультеті студенттерінің «Мобильді репортер» серпінді жобасы жұмысын бастады. Студенттер жоба аясында студенттік әл-Фараби радио мен әл-Фараби арнасында жаңалықтар блогын эфирге дайындауды машыққа айналдырып келеді. Студенттердің қатысуымен «100 кітап», «әл-Фараби» аудиохрестоматиялары және ЮНЕСКО «Бейнефильмдерді өндіру негіздері», «Шынайылық негіздері» оқу фильмдерін дыбыстады. Аталмыш практикум нәтижесінде жасалған таңдаулы жұмыстар әл-Фараби радиосы мен әл-Фараби арнасында жарық көреді.

Тыңдаушыларға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті «Журналист» БАҚ мамандарының біліктіліктілігін арттыру және аккредитациялау орталығының  «Журналистика негіздері» курсын тәмамдағаны туралы 72 сағаттық сертификат беріледі.

Орта мектеп мекемелері сұранысы бойынша аталмыш практикум жалғасын тауып, республиканың барлық өңірлерін қамтитын болады.  

 

Журналистика факультеті

Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы