Таланттар топ жарды

10.11.2017

Көрулер: 2438

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «1-курс таланттары» байқауы биыл да өз мәресіне жетті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан өнерпаздар күні кеше Ө.Жолдасбеков сарайында марапатталып, өз өнерлерін көпке паш етті.

«1-курс таланттары» байқауының алғашқы іріктеу кезеңіне 1500-ден аса студент қатысты. Жас өнерпаздар «Эстрадалық ән», «Дәстүрлі ән», «Классикалық ән», «Халықтық би», «Қазіргі заманауи би», «Авторлық ән», «Жас ақындар», «Домбырада ойнау», «Фортепианода ойнау», «Қобызда ойнау», «Барабанда ойнау », «Электрогитарада ойнау»,   «Гитарада ән айту», «Үздік жүргізуші», «Актерлік шеберлігі»  номинациялары бойынша бақтарын сынап, таланттарын таразыға салды. Байқау барысында география және табиғатты пайдалану, журналистика, механика және математика мен шығыстану факультеттері ерекше ізденістерімен көзге түсті. Бақтары мен баптары оза шапқан 1-курс студенттері өз өнерлерін гала-концертте көрсетуге мүмкіндік алды. 

«1-курс таланттары-2017» гала-концерті өз ерекшелігімен есте қалды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байқау биыл 3 бөлімнен тұрды. Оның алғашқысы – «Дәстүрлі бөлім» болса, екіншісі – «Классикалық бөлім», ал үшіншісі «Заманауи бөлім» болып жалғасты. Тиісінше, әр бөлімді «Үздік жүргізуші» номинациясын иеленген студенттер бастап, өнерпаздарды ортаға шақырып отырды. ҚР Мәдениет қайраткері Галя Есмұханбетова басшылық ететін «Бақыт» би ансамблі де әр бөлімде би арнап, кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

«Дәстүрлі бөлімде» жас ақындар өз өлеңдерін оқып, күміс көмей әншілер дәстүрлі әндер орындады. Ал, мың бұралған бишілер қазақ халқының, өзге халықтардың ұлттық билерін билеп, көрермен көзайымына айналды.

«Классикалық бөлімде» «Кулау сонатина» туындысы фортепианода ойналып, «Королева красоты» әні шырқалды. Классикалық би мен Модерн биі көптің көңілінен шықты. Соңғы «Заманауи бөлім» гала концерттің қорытынды шоуына айналды. Бұл кезеңде «Эстрадалық ән» номинациясы бойынша I-орынды иеленген Ақбота Жиенбекова  Евровидение-2016 байқауында жеңіске жеткен «1944» атты әнді көпшілікке ұсынды. Ал, «Жас Фараби» ансамблі «Такси» кинофильмінің саундтрегін жоғары деңгейде орындап шықты. Кешті ерекше таланттарымен көзге түскен студенттер – «Эстрадалық ән» номинациясы бойынша I орынды иеленген Сапина Лана,  электрогитарада ойнау шеберлігі бойынша I орынды иеленген Нұрышев Жалғас, сондай-ақ, фортепианода ойнау шеберлігі бойынша II орынды иеленген Тасқали Мадина мен скрипкада ойнау шеберлігі бойынша I орынды иеленген Асанхан Карина қорытындылады. Барлық өнерпаздар сахнаға шығып, көрермендермен қоштасты.  

«1-курс таланттары» байқауы жыл сайын жас таланттарды тауып, оларға бағыт-бағдар сілтеуді, бәйгенің үздіктерін анықтауды,өнерлі жастарға қанат бітіруді мақсат етеді. Биыл да  осы байқау арқылы жас өнерпаздар өз армандарының алғашқы белесін бағындырды деген сенімдеміз.