Облыстық мектеп оқушылары ҚазҰУ-мен жапон тілінде танысты

30.10.2017

Көрулер: 4411

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының Жапон бөлімінің оқытушылары қазан айында Japan Foundation грантының «Sakura Network» бағдарламасының аясында Семей қаласы, Қызылорда қаласы және Өскемен қалаларының мектептерінде кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргізді.

Халықаралық Жапон қорының маманы, PhD Онищи Юми ауқымды «Campus in campus» бағдарламасы аясында Қиыр Шығыс кафедрасының агитациялық ұжымына бас көз болды. Аталған ұжымға кафедраның аға оқытушылары С.К. Боранкулова, С.И. Кадикова, PhD Ниномия Такаши мен ассистент А.С. Даирова да кірді.  

Кафедра оқытушыларымен Жапония, жапон мәдениеті, жапон ұлттық тағамдары, жапон тілі жайлы жалпылама шолу жасалды. Оқушылардың жапон мәдениетіне қызығушылығын туғызу үшін, жапон мәдениетінің аса танымал өнері оригамиды таныстыра отырып,  күншығыс елінің атақты тырнасын оқушылармен бірге жасады. Жапон тілінің оқытушылары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті жапон бөлімінде  дайындалатын мамандықтардың қыр-сыры, білім берудегі академиялық ұтқырлық, Жапонияда білім алу, Жапонияның білім және мәдениет, спорт, ғылым Министрлігінің жапон тілі мен мәдениетін тереңдетіп оқуға құштар үздік студенттерге арналған шәкіртақысы жайында кеңінен мағлұмат берді.

Магистранттарға шетелдік ғалымдардың білім беретіндігі айтылды. Қазақстандағы жапон тілі мамандарының жеткен жетістіктерін санамалап көрсетті. Әр оқушының таңдауына құрметпен қарайтындығын айта келіп,  іргелі білім ордасының тиімді жақтарын атап, оқушылар мен мұғалімдер сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, жапонтану бөлімінің студенттік өмірі жайлы бейнероликтер көрсетіліп, буклеттер таратылды.

Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жаппай білім беру онлайн курстарына арнайы сайт жайлы айтылып, ерекшеліктері мен артықшылықтары көрсетілді. «Жапон тілінде сөйлесейік» атты курстарына мектеп оқушылары тарапынан 20 адам жазылып та үлгерді.

Мектеп оқушылары Жапония мәдениеті мен Жапон тілін үйренуге қызығушылық білдіріп, белсенді қатысып отырды.

Қиыр Шығыс кафедрасы