РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ

19.10.2017

Көрулер: 2455

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ

Қазіргі таңда діннің атын жамылған жат ағымдардың қоғамға, әсіресе жастарға тигізер зардабы сейіле қойған жоқ. Оның бірнеше себептерін көрсетуге болады. Діни сауаттылықтың төмендігі немесе мүлдем болмауы, сауаты жоғары мамандардың тапшылығы, діни мәселелер бойынша ақпараттың дұрыс насихатталмауы, радикалды ағым өкілдерінің әлеуметтік желілерді ұтымды пайдалана отырып қоғамның, соның ішінде жастардың санасын улауы белең алып отыр. Сондықтан да жоғары оқу орындары бүгінде жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған тәрбиелік шараларды қолға алуда. Осы орайда жуырда ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінде т.ғ.к., профессор Ерке Тамабекқызы Қартабаеваның  ұйымдастыруымен  «Рухани жаңғыру және ислам» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға «Шаңырақ» діни кеңес беру, алдын алу және оңалту орталығының директоры Мирхат Мадияров және факультет оқытушылары, магистранттары мен 1-2-курс студенттері қатысты.

«Ислам және заманауи қоғам», «Ислам және ақпараттық қоғам» сынды қазіргі заманның өзекті тақырыптары қарастырылған жиында алғашқы болып сөз кезегін тарих, археология және этнология факультетінің 2- курс магистранты Ш. Түгел алды. Ол ислам дінінің қазақ жерінде таралу тарихынан бастап, қазіргі кездегі ақпараттық технологиялардың исламдағы оң және теріс әсерлеріне шолу жасады. 2-курс магистранттары ақпараттық технологиялардың, атап айтар болсақ, қазіргі кездегі ҚМДБ мамандарының бақылауындағы интернет парақшаларының, сайттардың және мобильді қосымшалардың ислам діні туралы тексерілген ақпараттарды қазақ және орыс тілдерінде кеңінен тарата отырып, оның қоғамға алып келер пайдалары туралы баяндады. Әсіресе, заманауи қоғамдағы интернет арқылы уағыз жүргізушілердің және қазіргі жастардың уақытының көп бөлігін алатын түрлі Whats Аpp, Instagram, Facebook, Viber сияқты әлеуметтік желілердің теріс әсерін және одан сақтанудың жолдарын қарастырды.

Өз кезегінде «Шаңырақ» діни кеңес беру, алдын алу және оңалту орталығының директоры М.Мадияров елдік мүддені, халқымыздың тәлім-тәрбиесін, ұлтқа ұстын болған тұлғалардың ұлықты істерін өз сөзіне арқау етті. Мирхат мырза жастардың көкейінде жүрген қазіргі қоғамдағы өзекті діни мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ ол қазіргі кездегі жастардың жолынан адасып, түрлі радикалды ағымдарға бет бұруы, әлемде болып жатқан терактілер, сәләфилік, уахабилік ағымдар жайлы, олардың алдын-алу және күресу шаралары туралы, рухани құндылықтар және рухани дағдарыстан шығу жолдары жайында тағылымды кеңестерімен бөлісті.  

Шара ұйымдастырушысы Ерке Тамабекқызы діни сана туралы кеңінен сөз қозғады. Қазақ халқының тарихында дін мен күнделікті тіршіліктің өзара үйлесім тауып, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталғанын айта отырып, халқымыздың ұлттық құндылықтарының барлығы ислам дінімен үндес екенін жеткізді.

Дөңгелек үстел барысында елдің бірлігі, діни тұтастық, қоғамды, әсіресе жастарды жат ағымдардан сақтау жолдары жөнінде пайымды пікірлер ортаға салынып, пайдалы кеңестер берілді. Дәстүрдің негізі дінде жатқанын айтқан ұстаздар қазіргі жаһандану заманында қазақ халқының берік ұстанымдарынан ажырап қалмау керектігіне баса назар аударды. Осылайша, дәстүр мен дін, рухани жаңғыру мен ұлттық әдет-ғұрыптар үйлесім тапқан дін мамандарымен кездесу жастар үшін аса пайдалы болды.