Сеншю университеті профессорының лекциялар курсы өткізілді

05.10.2017

Көрулер: 3784

Жуырда Сеншю университетінің профессоры Хироаки Итоның (Жапония) лекциялары мен семинарлары өткізілді. Профессор ғылым және білім беру саласында халықаралық байланыстарды дамыту және жетекші халықаралық ғалымдардың озық тәжірибесін пайдалану арқылы білім алушылардың кәсіби даярлау сапасын  арттыру мақсатында шақыртылды.

Профессор Хироаки Ито дəрістер курсы Жапон өнерінің тарихы және Күн шығыс елінің дәстүрлі мәдениетінің кейбір аспектілеріне арналған. Тыңдаушылар қатары Қиыр Шығыс кафедрасының бакалавр, магистр жəне PhD студенттері, сондай-ақ Шығыстану факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамынан тұрды. Хироаки Ито Сеншю университетінің филология факультетінің профессоры болып табылады. Көптеген пленарлық отырыстарға және шақыртылған профессор ретінде Италияда, Ұлыбританияда дәрістер берген. JSPS / CNRS қорларының иегері, философия, мәдениет және әдебиет мәселелерін зерттеуге арналған бірқатар монографияның авторы болып табылады.

Ғалым университетке бұған дейін де бірнеше мәрте сапармен келген. Атап айтқанда, профессор ҚазҰУ-ға алғаш рет Сайтама университетін өкілі ретінде ҚазҰУ-дың 80 жылдығы және VІІ Астаналық экономикалық форум шеңберінде Азиялық университеттердің «Тұрақты даму үшін университеттер рөлі мен еуразиялық алуантүрлілік» ІІІ Форумына  келген болатын.

Дәрістер барысында профессор түрлі бейнематериалдар қолдана отырып, қатысушы аудиторияны Жапонияның өнері, сәулеті, кескіндеме өнері мен дәстүрлі тағамдары жайында көркем мысалдар арқылы таныстырды. Осылайша жапон мәдениеті мен өнерінің әлеміне екі апталық «саяхат» нәтижесінде тыңдармандар жапон халқының өнері мен мәдениеті және бірегей стилінің ерекшеліктерімен танысты. Қатысушылар ғалымға өздерін қызықтыратын сұрақтар қойып, нақты және толыққанды жауаптар алды, сонымен бірге Жапонияның мәдени және рухани дамуының түрлі өзекті мәселелері төңірегінде еркін пікір алмасты.

Сонымен қатар, профессор Хироаки Итоның университетке сапары барысында журналистика факультетінің басшылығымен кездесу өткізілді. Онда Сеншю университетімен ынтымақтастық және ортақ жобаларды іске асыру мүмкіндігі талқыланды. Дәл сол күні профессор қонақ ретінде «Жапонияның БАҚ жүйесі» тақырыбында бакалавриат студенттері үшін дәріс оқыды. Дәріс Жапонияның NHK - қоғамдық телерадиокорпорация мысалында жүргізілді. Баяндама үлкен қызығушылықпен қабылданды.

Профессордың дәріс курстары Қиыр Шығыс кафедрасы үшін жапондық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту және жетекші ғалымдарды шақыру дәстүрінің жақсы жалғасы болып табылды. Атап айтқанда, жаңа оқу жылы Токио университетінің профессоры Тономура Масарудың келуімен болатын және бұл профессор Жапон тарихына арналған қызықты дәрістер кезегін ашып берді, сондай-ақ Жапонияның ең танымал университеттерімен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік тудырды.

Қиыр Шығыс кафедрасы Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдениетаралық қарым-қатынастың нығаюына және студенттердің кәсіби дамуына ықпал ететін Жапонияның  көптеген жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде Токио университеті, Сайтама университеті, Цукуба университеті, Васэда университеті, Хоккайдо университеті, сондай-ақ,  Japan Foundation және Nippon Foundation тәрізді халықаралық қорларымен ынтымақтастықты белсенді дамытуда.

 

Қиыр Шығыс кафедрасы