ҚазҰУ Шанхай шет тілдер университетінде (ШШТУ) қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ашылды

29.09.2017

Көрулер: 1111

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шанхай шет тілдер университетінде (ШШТУ) қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын ашты. Бұл ортақ жоба Қытайдағы ҚР Елшілігі мен Шанхай қаласындағы ҚР Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.  

Салтанатты шараға ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов бастаған университет делегациясы қатысты. Қытай университеті қазақстандық әріптестерін, Қытайдағы ҚР Елшілігі мен Шанхай қаласындағы ҚР Бас консулдығы өкілдерін жылы қарсы алды. Кездесу барысында ШШТУ партиялық комитетінің төрағасы Цзян Фэн жоғары оқу орнында 30 шет тілінде мамандар дайындалатындығын жеткізді. Жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілі оқытыла бастады және оған қытайлық студенттер үлкен қызығушылық танытуда. Ол мамандандырылған кафедраны ашуға көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов пен Қазақстанның дипломатиялық қызметіне алғыс айтты.      

 «ҚазҰУ Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін мақсатты түрде жұмыс істеуде. Қазақ тілінің дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік тіліміз көпұлтты Қазақстанда біріктіруші рөл атқарса, Қазақстан мен Қытайдың достығы мен ынтымақтастығын арттыруда байланыстырушы көпірге айналып отыр. ҚазҰУ жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне үлкен белсенділікпен енуде. Қытайлық ЖОО-лармен әріптестік барысында көптеген жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі ретінде Шанхай шет тілдер университетінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ашылуын айта аламыз», – деп атап өтті Ғалым Мұтанов. 

Қазақ тілін ҚазҰУ оқытушылары үйрететін болады. Қазіргі таңда «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 13 қытайлық студент білім алуда. Студенттермен кездесу барысында ҚазҰУ ректоры университет туралы, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тәжірибеден және тілдік тағылымдамадан өту мүмкіндігі жайлы айтып, жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді және оқуда сәттілік тіледі. Ол қытайлық студенттерге қазақ тілін оқып-үйренуге арналған оқулықты салтанатты түрде табыс етті.  

Қазақстанның жетекші оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетелдік ЖОО-лармен халықаралық ынтымақтастықта үлкен тәжірибеге ие. Айта кетерлігі, өткен жылдан бастап ҚазҰУ-дың қолдауымен Пекин шет тілдер университетінде де қазақ тілі пәні жүргізіле бастады. Қазақ тілі аталмыш оқу орнында оқытылатын 73-ші тілге айналды. Шанхай шет тілдер университетінде бірлесе отырып ашылған кафедра белсенді жұмыс істеп, қазақ мәдениеті мен тілінің танылуына, екі елдің көршілік және өзара тиімді қарым-қатынастарының нығаюына өз үлесін қосатын болады.  

Сапар аясында ҚазҰУ мен ШШТУ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ол жоғары білікті мамандарды даярлауға, сондай-ақ ғылыми-білім беру саласындағы ортақ қызмет ауқымын кеңейтуге бағытталған.

 

 

Баспасөз қызметі