ҚазҰУ жобалары Шанхайда өткен «Pujiang-2017» инновациялық форумында таныстырылды

29.09.2017

Көрулер: 4930

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов Шанхайда өткен «Pujiang» X Халықаралық инновациялық форумына қатысты. Ауқымды шарада АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Оңтүстік Корея, Қазақстан, Германия, Дания, Австралия, Швеция, Франция сынды әлемнің жиырмадан астам алпауыт елдерінен келген белді ғалымдар мен сарапшылар, белгілі мемлекет және саясат қайраткерлері, табысты кәсіпкерлер бас қосты. 

Бұл беделді әрі ықпалды форум 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Аталмыш форум инновацияларды дамыту мен алға жылжыту, өзара тәжірибе және ғылыми жетістіктермен алмасу, сондай-ақ жаһандық экономиканың өзекті мәселелерінің шешу жолдарын іздестіру салаларында елдер арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейтуге бағытталған.

ҚазҰУ ректорының «Бірлескен ғылыми-білім беру жобалары – «Бір белдеу – бір жол»» бастамасын дамытудың негізі» атты баяндамасы форум қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Ғ.Мұтанов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға негізделген университеттің жетістіктері, халықаралық ынтымақтастығы және жобалары туралы айтып өтті.

Қазақстанның жетекші университетінің басшысы ғылыми-инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және IT-технологиялар саласындағы серіктестік Жаңа Жібек жолын дамытуда да маңызды рөл атқаратынын атап өтті. ҚазҰУ Жаңа Жібек жолы Университеттер альянсінің Үйлестіру комитетінің мүшесі ретінде ғаламдық халықаралық бастамалар аясында білім, ғылым және инновация саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді көздеген жобаларға қатысуда.

«ҚазҰУ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясын іске асыра отырып, «Жаңа Жібек жолы Университеттер альянсінің» халықаралық IT-технопаркін құру бастамасын ұсынды. «Silicon Valley» моделі негізінде жасалатын технопарк әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер мен инвесторларды тартатын бірегей алаңға айналып, IT-технологияларды дамытуда бірден-бір драйвер ретінде қызмет ететін болады. Оның негізін ҚХР Үкіметі гранты бойынша берілетін суперкомпьютер құрайды. Бүгіннің өзінде аталмыш мемлекетаралық жоба шеңберінде ҚазҰУ-да суперкомпьютерлік және бұлтты есептеулер орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде», – деді Ғалым Мұтанов форумда сөйлеген сөзінде.

Ректордың айтуынша, қазіргі уақытта ҚХР Ғылым академиясының Қашықтықтан зондтау және цифрлы жер институтымен (RADI) бірге ҚазҰУ-да ғылыми-зерттеу орталығы құрылуда. Қазақстандық ғалымдар нақты уақыттағы зондтау деректерін Қашғар қаласында (ҚХР) орналасқан қабылдау станциясынан алатын болады. Бұл қоршаған ортаның жай-күйі, табиғи ресурстары, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайларына жылдам мониторинг жасауға және бақылауға мүмкіндік береді, сондай-ақ «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша білім алатын студенттерге тәжірибеден өту үшін база болады. Сонымен бірге, жақын арада ҚазҰУ осы жобамен біріктірілетін наноспутникті орбитаға шығаруды жоспарлап отыр.

Форум алаңында ҚазҰУ ректоры Қытайдың бірқатар жетекші университеттері мен ғылыми және білім беру орталықтарының өкілдерімен ынтымақтастық мәселелері және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша кездесулер өткізді.

 

Баспасөз қызметі