Цифрлық денсаулық сақтау

27.09.2017

Көрулер: 3311

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Пусан ұлттық университеті ауруханасының президенті Чанг Хун Ли бастаған Оңтүстік Корей делегациясымен кездесті.    

Алғы сөз алған бірінші проректор М. Бүркітбаев Оңтүстік Корея ҚазҰУ-дың стратегиялық серіктесі екенін ерекше атап, университеттің ғылыми қызметі, халықаралық ынтымақтастық және Оңтүстік Кореяның оқу орындарымен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру жайын сөз етті. Сондай-ақ проректор ҚазҰУ-ға аса қызығушылық танытқаны үшін делегация құрамына алғыс білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Пусан ұлттық университеті госпиталінің президенті Чанг Хун Ли диагностика, қашықтықтан медициналық қызмет көрсету және Пусан университетінің негізгі бағыты туралы мол мағлұмат айтты.  Сондай-ақ ол «ҚазҰУ-мен ынтымақтастық орнату біз үлкен мәртебе және сіздердің университеттеріңіз қашықтан емделу түрін халыққа түсіндіріп, таратады деп сенемін»,- деді.

Сонымен қатар тараптар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың жаңа бағыттары мен инновациялық жобаларды және цифрлық денсаулық саласындағы халықаралық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту жолдарын талқылады.

Баспасөз қызметі