Шығыстану ғылымында шыңнан көрінген ғалым

22.09.2017

Көрулер: 4997

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі және Жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі – Әбсаттар Дербісәлінің 70 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның шығыстану ғылымы және рухани жаңғыру мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.

Республикалық арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі ғалым Әбсаттар Дербісәлі арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылыми докторы және тұңғыш академигі. Оның басшылығымен республикамызда тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдері мен әдебиеті мамандықтары ашылып, кафедралары ұйымдастырылды. Сөйтіп, республика оте зәру шығыстану ғылымы саласының ұлттық мамандарын даярлауға белсене ат салысты. Ә. Дербісәлі араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті және қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлері мен мәдениетінің мәселелері, сыртқы Шығыс мұсылман елдерімен рухани байланыс және қасиетті Құран, Пайғамбарымыздың хадис шәріптері туралы 600-ден астам теориялық және практикалық мәні бар ғылыми еңбектердің авторы. Сондай-ақ ол араб тілді Марокко әдебиетінің тұтас тарихын жазып шыққан бірден-бір тұлға болып саналады. 

Шараға белгілі шығыстанушы ғалымдар, филологтар, тарихшылар, дипломаттар, мәдениеттанушылар, дінтанушылар, саясаттанушылар, мемлекеттік билік органдары, бизнес, сонымен қатар, Қазақстан мен шет елдердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Ғұлама ғалымның 70 жылдық мерейтойына арнайы келген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мерейтой иесіне арнайы жолдаған Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып, ғалымға деген ыстық ықыласқа толы өз тілегін айтты. Сондай-ақ шара барысында сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов өмірін ғылымға арнаған ғалымның ерен еңбектерімен атқарған қызметіне жекелей тоқталып, ғалымға бақытты ғұмыр тілеп, университет ұжымы атынан құттықтауын білдірді.

Бүгінде шығыстанудың міндетіне әртүрлі өркениеттер арасындағы диалогты қалыпты арнаға түсіріп, қазіргі әлемдегі бірқатар маңызды рухани, саяси және ұлттық проблемалардың әділ шешімін табу өзектілігі тұр. Осыған байланысты, конференцияда Қазақстан мен Орталық Азия тарихының деректеметану және тарихнамасы, Қазақстанның шығыстану ғылымындағы шығыс филологиясының рөлі, Қазақстан мен Орталық Азияның ортағасырлық көрнекті ойшылдары мен тұлғалары, Қазақстандағы дін және қоғам, ынтымақ пен бірлік мәселелері, Қазақстанның рухани жаңғыруымен қазіргі заманның жаһандық сын-тегеуріндері жәнет.б. мәселелер қарастырылды. Шара соңында мемлекет және қоғам қайраткерлерінің 70 жылдық мерейтой иесіне арнайы жолданған хаттары оқылып, конференцияға қатысушылар ғалымға құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын табыстады.

Баспасөз қызметі