«Плазма физикасы» ғылымын елімізде тұңғыш меңгерген ғалымды білеміз бе?

18.09.2017

Көрулер: 2866

Кез келген мемлекеттің экономикасы мен саясаты ғылыммен бірге дамиды. Тілекқабыл Рамазанов – ғылымның  «Физика», «Плазма физикасы» саласында өзіндік орны бар ғалым. Ол саналы ғұмырын осы саланы зерттеуге арнады. Әрі «Плазма физикасы» ғылымына елімізде алғаш болып жол салды.

Биыл физика мамандығы бойынша Ұлттық Ғылым академиясының академигі атанды. Ол – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық істер жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Тілекқабыл Сәбитұлының физика ғылымына деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оянған. Сол кездің өзінде Мәскеудегі Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің физика-математика мектебінің тапсырмаларын орындап, есептерін шығарып, «Квант» журналының тұрақты оқырманы болды. Сабақпен қоса суретке түсіріп, қолы босаса спортпен айналысты.

Екеуіміз 1976 жылы Гурьев (Атырау) қаласында өткен облыстық пәндік олимпиадада танысқан едік. Кейін С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетіне қатар түсіп, 1983 жылы мен математика факультетін, ол физика факультетін «Теориялық физика» мамандығымен үздік бітіріп шықтық. Министрлік жолдамасымен мен Гурьев педагогикалық институтына оқытушылық қызметке келдім. Ал, Тілекқабыл «Теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша аспирантураға түсті. 1988 жылы «Тығыз плазманың жылу және электрофизикалық қасиеттерін сандық модельдеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ғылыми жетекшісі отандық ғылымға еңбегі сіңген ғалым Фазылхан Байымбетов, оппоненті осы саланың Одақ көлеміндегі білгірі, ғалым, сол кездегі Ғылым академиясының академигі В.Е.Фортов болды. Ғылымдағы атақтары әлемге аян ғалымдардан тәлім-тәрбие мен тәжірибе жинақтаған Тілекқабыл біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында 1995 жылы «Псевдопотенциалдық модельдер негізінде идеал емес плазманың қасиеттерін теориялық зерттеу және компьютерлік модельдеу» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

Ол басшылық етіп отырған ғылыми мектеп ұжымы  еңбегінің арқасында  идеал емес плазманың физикалық қасиеттері бойынша фундаменталды нәтижелер алынды. Бұл бағыттағы ізденістер кейінгі жылдары да нәтижелі өрбіді. Әрине, идеал емес плазма саласының қыр-сырын, қандай бағыттары барын көпшілігіміз жете біле бермеуіміз мүмкін. Ал, ғылымдағы әріптестері, алыс-жақын шет елдердің ғалымдары оның бұл саладағы ерен еңбегін өте жоғары бағалайды. Қолданысқа енгізілген жаңалықтарының өзі бір төбе. Ең бас­ты атап өтерлігі, ғалым зерттеулерінің нәтижесінде жүзеге асырылған жобалар отандық физиканың дамуына үлкен септігін тигізіп келеді.

2001 жылдан бері оның басшылығымен тозаңды плазманың қасиеттері мен жүйедегі реттелген құрылымдардың пайда болуын зерттеуге байланысты жаңа ғылыми бағыт дамуға бет бұрды. Сондай-ақ, 2005 жылдан бері алғаш рет Қазақстанда заттың бесінші күйі – плазмалық кристалл алынған ерекше эксперименттік қондырғы табысты жұмыс істеуде. Фундаменталды маңыздылығы мен кеңінен қолданбалы мәні бар бұл зерттеулер Германия, Франция мен Ресейдің алдыңғы қатарлы ғалымдарымен бірге, тек жер жағдайларында ғана емес, сонымен қатар, халықаралық ғарыш стансасының бортында да іске асырылды. Сондай эксперименттердің бірі профессор Т.Рамазановтың ғылыми жетекшілігімен 2015 жылы  қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа ұшқан халықаралық ғарыш стансасының бортында  сәтті жасалып, зор  ғылыми нәтиже берді.

Халқымызда «Шәкіртсіз  ұстаз тұл», «Ұстаз шәкіртімен мақтанады» деген ұлағатты сөздер бар. Бүгінде Тілекқабыл Сәбитұлының еліміздің ғылымы мен біліміне, жастарды және жас ғалымдарды тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі мол. Профессор жетекшілігімен докторлық, кандидаттық, PhD докторы диссертациялары қорғалды. Бұған қоса 2 монография, 11 оқу-әдістемелік құрал, 430 ғылыми жұмыс жарық көріп, оның үштен бір бөлігі жоғары импакт-факторлы ғылыми журналдарда жарияланды. АҚШ, Германия, Франция, Италия, Жапония, Португалия, Ресей және әлемнің көптеген елдеріндегі айтулы халықаралық конференцияларда баяндамалар жасалды. Оның отандық ғылымды дамытудағы ерен  еңбегі қазақ елін әлемге танытып,  халқымыздың  ғылым саласындағы  абыройы мен мерейін асқақтатты.

Табиғат сыйлаған таланты мен ғылымдағы жаңашылдығы мемлекет тарапынан ерекше қолдауға ие болып, лайықты бағаланды. Ол ғылымды игеруге баулыған шәкірттерімен бірге ғылым мен техникадағы жұмысы үшін мемлекеттік сыйлықты иеленді. Білім және ғылым министрлігінің  грантын екі рет алса,  мемлекеттік ғылыми стипендияның үш рет иегері атанды. Соңғы 22 жылдың ішінде Тілекқабыл Сәбитұлы фундаменталды және қолданбалы жұмыстар бойынша – 32, ал, халықаралық деңгейдегі бес ғылыми жобаға ғылыми жетекшілік етті. Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруымен үш жобаға және мақсатты-бағдарламалық қаржыландыруға  ғылыми жетекшісі ретінде жас ғалымдарға өзінің тәжірибесін үйретуде.

Иә, ғылымда жол бастайтын, үлгі көрсететін осындай алдыңғы толқын ағалар қашан  да ізбасарларына өнеге болады. «Ел – ерімен танылар» дегендей, ақылы кемел, пайымы терең, жады мықты ғалым, ұстаз Тілекқабыл Рамазанов бүгінде елінің мақтанышына айналды.

Т.Рамазанов қоғамдық жұмыстардан да қол үзіп көрген емес. «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» (2009-2014 ж.ж.) директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор, «Ғылым қоры» АҚ (2006-2007 ж.ж.) директорлар кеңесінің мүшесі,  ҚР ғарыш қызметін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі (2005-2008 ж.ж.), «Physical Sciences and Technology», «Ашық жүйелердің эволюция мәселелері», «ҚазҰУ   хабаршысы, Физика сериясы» журналдарының бас редакторы секілді көптеген қызметтерді атқарды. Плазманың іргелі қасиеттерін зерттеу кезінде АҚШ-тың жетекші ғылыми орталықтары, Германия, Франция Италия, Қытай, Корей, Жапон ғалымдары Т.Рамазанов пен ғылыми мектеп ұжымының дайындаған идеал емес плазманың  псевдопотенциалдық моделін кеңінен қолдануда. Аталған модель төңірегінде осы елдердің ғалымдарымен бірігіп жазылған ғылыми мақалалары өзектілігімен назар аударады.

Ғылыми зерттеу бағыттары – идеал емес плазманың қасиеттерінің теориясы, компьютерлік модельдеу және эксперименттік зерттеу. Классикалық және тығыз квазиклассикалық идеал емес плазманың ерекше псевдопотенциалдық моделін жасақтау. (art.kz)