STUDENT ENERGY CHALLENGE БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

14.09.2017

Көрулер: 4207

XI Еуразиялық KAZENERGY форумы шеңберінде өткен IX Жастар форумының Stutent Energy Challenge байқауында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Synergy» командасы бірінші орынға ие болды.

 Жеңімпаз команда «Шелл Қазақстан» компаниясынан 10 000 евро көлемінде сыйлық алды, оған қоса оларға тәлімгер сарапшылар техникалық және бизнес шеберлік кластарын өткізеді. Екінші және үшінші орын алған командалар 5 000 және 3 000 евро көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Қазылар алқасының мүшелерінің арасында Ставангер норвегиялық университетінің еңбек сіңірген профессоры, И.М. Губкин ат. Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің арктикалық мұнай-газ технологиялары институтының ғылыми директоры, ректораттың кеңесшісі Анатолий Золотухин, Каспий Құбыр Консорциумы бас директорының үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин,  Самұрық-Энерго өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Түйтебаев, «Шелл Қазақстан» компаниясының қаржы директоры Берт Хазелаар екі күн бойы үш озат команданы іріктеді. Қазақстандағы «Шелл» концернінің Төрағасы Оливье Лазар атап өткеніндей «Біз Kazenergy қауымдастығымен серіктесе отырып осы байқауды қаржыландырып, өткізгенімізді мақтаныш тұтамыз, себебі біз энергияның келешегі жастардың қолында екеніне сенеміз. «Student Energy Challenge барысында бізге келіп түскен жобалық идеялардың сапасы өте жоғары, мұның өзі Қазақстан жастарының талантын көрсетеді».

Жарыс барысында байқауға қатысушыларға Қазақстандағы энергия үнемдеу мәселесінің өзектілігі ескерілуі тиіс алты тақырып берілді. Short-lits құрамындағы командалар баламалы энергетика және күнделікті тұрмыста энергия үнемдеуді арттыру тақырыбын ұсынды. Құрамында үш-бес адам бар командаларға ғаламдық энергетикалық мәселелерді шешуді ұсынатын өміршең идея әзірлеу міндеті қойылды. Бұл талапты ҚазҰУ-дың Synergy командасы жақсы орындап, 20 университеттің 47 командасының ішінен жеңімпаз болып шықты.

Байқау туралы қосымша ақпарат:  http://www.kazenergyforum.com/youth-forum-news