ҚазҰУ ІТ-технология енгізу тәжірибесімен бөлісті

20.06.2017

Көрулер: 3991

Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ІТ-технологиямен тығыз байланысты экономиканың жеделтетілген технологиялық жаңғыртылуын, өзгерту мен түрлендіруді негізгі басымдық ретінде көрсетті. Мұнда білім мен инновацияға негізделген экономиканы қалыптастырушы орталықтар ­– университеттер маңызды рөл атқарады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Білім және ғылым Министрлігінің қолдауымен жоғары оқу орындарының қызметін цифрландыруға арналған «Жоғары оқу орнында онлайн-порталдарының және студенттерге қызмет көрсету орталықтарының қызметін ұйымдастырудың әдіснамалық және практикалық негіздері» атты семинар өтті. Шараға Қазақстан жоғары оқу орындарының 100-ден астам басшылары мен өкілдері атсалысып, еліміздегі жетекші университеттің IT-технология саласындағы озық тәжірибесі мен жетістіктерін меңгерді.

Құттықтау сөз сөйлеп, пленарлық мәжілісті ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов сандық Қазақстан құру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру оқу орны қызметіндегі басым бағыт болып табылатындығын атап өтті. Әлемдік тренд сипатында университеттің цифрлануы жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілеттілікті сақтап, дами түсуіне көмектеседі.

Бүгінде ҚазҰУ-да IТ-технологияларды дамытудың басты бағыттары анықталған, олар: жоғары оқу орны қызметін автоматтандыруда бұлттық технологияларды, кампус инфрақұрылымын басқаруда smart-технологияларды және талдамалы жүйені қалыптастыру үшін «Big Data» технологияларын, IТ-қызмет аутсорсингын енгізу.

Жоғары оқу орындарының өкілдері ТМД елдерінде теңдесі жоқ «Керемет» (СҚКО) студенттерге қызмет көрсету бірегей орталығына ерекше қызығушылық танытты. Мұнда «бір терезе» қағидасы бойынша студенттер мен оқытушыларға 500-ден астам қызмет ұсынылады. СҚКО «университет-студент» өзара әрекеттесуі жүйесінде бюрократиялық кедергілер мен жемқорлық қауіптерін жоюдың негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. 

Секциялық мәжілістерде семинар қатысушылары «Univer» жүйесі базасында оқу үдерісін ақпараттандырумен, «Al-Farabi university - smart city», «Электронды кампус» және және алдыңғы қатарлы IТ-технологияларға негізделген жемқорлыққа қарсы механизмдер енгізілген «Жемқорлыққа қарсы университет» жобаларымен және Жағдаяттық басқару орталығымен, «жасыл технологиялар» аймағымен танысты. Сондай-ақ, құрылуында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақстан жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясы бастамалық еткен ашық білім берудің Ұлттық платформасы негізінде жаппай ашық онлайн-курстарын енгізу мәселелері талқыланды.

Семинар қатысушылары іс-шараның жоғары тәжірибелік маңызын атап өтіп, IT саласындағы ҚазҰУ-дың алдыңғы қатарлы тәжірибесі мен жетістіктеріне қызығушылық танытып, өз оқу орындарына енгізуге дайын екендіктерін жеткізді.

Баспасөз қызметі