ҚазҰУ-да математика, механика, информатика, математикалық және компьютерлік модельдеу бойынша республикалық студенттік олимпиада өз мәресіне жетті

14.04.2010

Көрулер: 4534

2010 жылдың 11 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде математика, механика, информатика, математикалық және компьютерлік модельдеу мамандықтары бойынша студенттер арасында республикалық олимпиада аяқталған еді. Мұндай шараларды ұйымдастырудағы басты мақсат – жастарды білім мен ғылымға баулу.

Мемлекеттің түкпір-түкпірінен 13 жоғары оқу ордаларынан 146 студент командалары сайысқа түсіп, бақ сынасты. Олардың құрамында «Математика» мамандығы бойынша 8 команда, «Информатика» бойынша 10 команда, «Механикадан» - 2 команда, «Математикалық және компьютерлік модельдеуден» 4 команда қатысты.

Студенттердің жеке және командалық сайыстарын жетекші жоғары оқу орындарының өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Сонымен олимпиада нәтижелеріне назар аударсақ:

І-орын

  • «Математика» мамандығы бойынша Ділшат Өтешев (Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы). «Эйч-Си» компаниясы жеңімпазға сый ретінде ноутбукты тарту етті.
  • «Информатика» мамандығы бойынша Мансұр Құтыбаев (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ). НАТ компаниясы ноутбукты сыйға тартып, жұмысқа шақыру жөніндегі арнайы сертификатты ұсынды.
  • «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығы бойынша Айжан Әбілқасымова (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) жеңімпаз атанды. Эйч-Си компаниясы ноутбукты сыйлады.
  • «Механика» мамандығы бойынша Жазира Арыпбаева (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ). Бұл жеңімпаз да Эйч-Си компаниясынан ноутбукты ұтып алды. Ескеретін бір жайт, бүгінгі таңда Эйч-си компаниясын ҚазҰУ-дың түлегі, ф.-м. ғ.к. Тақабаев Тахир Маратұлы басқарып келеді.

ІІ-орынды

  • «Математика» мамандығынан Медет Нұрсұлтанов (Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы),
  • «Механика» мамандығынан Арай Оқан (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ),
  • «Информатика» мамандығынан Мағжан Қарасаев (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ),
  • «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығынан Асқар Құдайбергенов (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) жеңіп алды.

ІІІ-орын иегерлері

  • «Математика» мамандығынан Шоқан Бірліков (Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті),
  • «Механика» мамандығынан Нұрзия Мәдікен (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ),
  • «Информатика» мамандығынан Александр Проскуряков (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ),
  • «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығынан Дина Бодаева (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) атанды.

Команда бойынша жеңімпаздар келесі реттік саны бойынша орналасты: І-орын - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ІІ-орын - Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы, ІІІ-орын - Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті.

Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да мектеп оқушылары мен студенттері арасында өтетін MechMathOpen-2010 программалау олимпиадасының жеңімпаздары анықталды. Оған 153 адамнан құралған 24 команда қатысқан болатын.

Жүлделі 1-орынды Жанболат Жалғасбаев, Дархан Ақжолов, Әли-Әмір Алданнан тұратын РСФМШИ командасы ұтып алса, 2-орынды Kazakh-British TU–15 командасының құрамы (Қазақ-Британ техникалық университеті) - Володя Ли, Ержан Өткербаев, Дәурен Есмұханов иемденді, ал 3-орын Серік Бекетаев, Жомарт Мұхамаджанов, Төлеби Сайлауов құраған Kazakh-British TU–12 командасының (Қазақ-Британ техникалық университеті) еншісіне бұйырған екен.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі