Рухани жаңғыру және әл-Фараби

09.06.2017

Көрулер: 5746

Қыркүйек айындағы БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының қарсаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ Өркениеттер Альянсімен бірлесіп «Әл-Фараби – өркениет философы» атты арнайы секциясын дайындауда.

Бұл туралы келісімге жуырда БҰҰ Өркениеттер Альянсінің Жоғарғы өкілі Насир Абдулазиз әл-Насердің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сапары барысында қол жеткізілді.

Бастаманың негізінде Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылатын: «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді» деген тұжырымды ойы жатыр. Осы маңызды істе академиялық орта мен университеттердің атқарар рөлі зор.

Халықаралық жоғары деңгейдегі кездесу Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық идеяларына және олардың өркениеттің дамуына тигізетін ықпалына арналған. Бүгінгі таңда оның дүниетанымы мен идеялары аса өзекті және бүкіл адамзатқа жаһандық рухани дағдарысты жеңуге және заманауи ізгілікті қоғам құруға көмектесе алады. Ғұлама ғалым әл-Фарабидің: «...адамдар мен халықтардың бірігуі және өзара көмегі арқылы ғана бақытқа жетуге болады» дегені баршамызға белгілі.

Нью-Йоркте (АҚШ) «Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру» атты халықаралық бірегей жобаның тұсауы кесіледі. Жоба әл-Фараби еңбектеріндегі бейбітшілік, қайырымдылық пен адалдық идеяларын жастар арасында кеңінен тарату мен таныту үшін университеттерді біріктіруге бағытталған.

Шығыс пен Батыс философиясын байланыстырушы әл-Фараби мұраларының терең зерттелуі мен насихатталуы – академиялық ортаны жаһандық мәселелерді шешу жолдарын іздестіру мақсатына біріктіруге мүмкіндік береді. Сондықтан да БҰҰ Өркениеттер Альянсі жанынан әл-Фарабиді зерттеу бойынша тұрақты бөлім ашу жоспарлануда. Қазір мұндай әл-Фараби ғылыми орталықтары Ыстамбұл және Иордан университеттерінде табысты жұмыс істеуде.

БҰҰ Өркениеттер Альянсі мен ҚазҰУ өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, ЮНЕСКО қолдауымен 2020 жылды – әл-Фараби жылы деп жариялау және әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылдың 1150 жылдық мерейтойы құрметіне шаралар өткізу туралы бастаманы ұсынды.

 

Баспасөз қызметі