Корей түбектерін біріктіру мәселесі талқыланды

19.05.2017

Көрулер: 3277

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Корей түбектерін біріктіру мәселесі бойынша Халықаралық ғылыми форум өтті. Форумға Корея Республикасын біріктіру министрлігі, Кореяны бейбіт және демократиялық тұрғыда біріктіру жөніндегі Орталық-Азиялық Консультативтік Кеңесі, Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы, Алматы Ұлттық Корей орталығы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы ұйымдастырушылық етті. 

Шараның мақсаты корей ұлтының 80 жылдық тарихы бар бұрынғы кеңес елдеріне көшуін негізге ала отырып Корей түбегін біріктіру идеясын көпшілікке тарату болып табылады. Ғылыми форумға Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның үкіметтік және қоғамдық ұйымдарының өкілдері, корей диаспорасы, Қазақстандағы Оңтүстік Кореяның азаматтары мен ҚазҰУ оқытушы-профессорлық құрамы және студенттері белсене атсалысты. 

Форумда ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев, Корея Респбуликасының Бас консулы Чжонг Сынг Мин, ҚазҰУ профессоры Ким Герман кіріспе сөз сөйлеп, Қазақстан мен Корея ынтымақтастығы және стратегиялық байланысы жайында сөз қозғады. Корей Консулдығының өкілдері Кореядағы Қазақстанның айрықша рөлін атап өтіп, аталмыш шараға мұрындық етіп отырған ҚазҰУ басшылығына алғыс білдірді. 
Шара барысында «Солтүстік Кореядағы заманауи саяси және экономикалық жағдай», «Оңтүстік Кореяға қайта оралу және көші-қон» секциялары жұмыс істеп, тақырып төңірегінде ғалымдар баяндамаларын оқыды.

Баспасөз қызметі