«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»

18.04.2017

Көрулер: 10796

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылауға арналған жиын өтті. Шараға университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.

ҚазҰУ ұжымы Мемлекет басшысының ел тағдырына қатысты ой-толғауын үлкен ықыласпен қабылдады. Мақала конституциялық реформа мен Үшінші жаңғырудың экономикалық қайта құрылуын толықтыра түсіп, шын мәнінде, Қазақстанның табысты дамуының жаңа идеологиялық тұғырнамасына айналып отыр.

Жиынға қатысушылар Елбасы үндеуінің тарихи дамудың Қазақстан үшін жаңа кезеңіндегі асқан өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.  Ғалымдардың пікірінше, қоғам санасының жаңғыруы – алға жылжуымыз үшін аса қажетті қадам.

Филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы аталған мақаланың біздің қоғамның түйіткілді мәселелерін айқын көрсеткен және оларды шешу жолдарын ұсынған стратегиялық бағдарламалық құжат болып табылатындығына тоқталды. 

Тәуелсіздік алған жылдардан бері білім мен ғылымды дамытуда көптеген істер атқарылды. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт», - делінген Елбасы мақаласында. Университеттер ғылым, білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеу орталығы ретінде қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуы тиіс.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Елбасы идеяларын насихаттай отырып, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында көрсетілген көптеген бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асыруда.

«Al-Farabi university – smart city» кешенді ғылыми-инновациялық жобасы білімге негізделген экономика үшін жоғары білікті маман дайындауға, бәсекеге қабілетті ұлттың табысты дамуына арналған қуатты рухани-адамгершілік және зияткерлік тұғырнаманы қалыптастыруға бағытталған. IT-технология саласындағы ҚазҰУ қызметі сандық Қазақстанды құрудағы маңызды қадам болып табылады», - дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев.

ҚазҰУ магистранты, Жастар ұйымдары комитетінің төрайымы Айсұлу Ерниязова: «Айналаңды нұрландыр», «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобалары  – университеттің жастарды азаматтық және рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуге қосқан үлесі», - деп атап өтті.

«Ұлттық тұтастық, мәдениет, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр, бабаларымыздан қалған рухани мұраларды сақтау, латын қапіне көшу, білім берудің маңызын арттыру, мақсатқа жетудегі прагматизм, салауатты өмір салты сынды қоғам санасын жаңғыртудың  маңызды құрамдас бөліктері бізге етене таныс әрі түсінікті. Ұлт көшбасшысымен бірге елімізге және жас ұрпақтың келешегіне деген қамқорлықты бөлісе отырып, біз бар күш-жігерімізді, біліміміз бен тәжірибемізді алға қойған мақсатқа жету үшін аямаймыз», - деп нықтады ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Берекет  Кәрібаев.

Жиын қатысушылары Нұрсұлтан Назарбаев идеяларының өмірге ендіру, оның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген жоспарлар мен басымдықтарын нақты қолдану – ел әлеуетін нығайтуға қуатты серпін беретініне және адами капиталдың дамуына, бірлікті, ұлттық тұтастықты сақтауға, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

 

 

 

Баспасөз қызметі