ҚазҰУ-Цукуба: «Campus in campus»

15.03.2017

Көрулер: 3637

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қысқы мектебі аясында «Қазақстан мен Жапониядағы қарттар мәселесі» тақырыбында Халықаралық студенттік форум өтті. Форум Жапонияның Цукуба университетімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Кең ауқымды «Campus in campus» бағдарламасы аясында өткен форумда ҚазҰУ студенттері мен Орталық Азияны зерттеу ісіне маманданып жүрген жапон университетінің студенттері қарттар мәселесіне қатысты өз зерттеу нәтижелерімен бөлісті. ҚазҰУ-дың жас ғалымдары еліміздегі қарт кісілердің денсаулық күтімі мәселесін қозғап, олардың әл-ауқатын қамтамасыз етудегі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың рөлін атап көрсетті.

Студенттердің зерттеу нәтижелері мен ұсыныстары «Айналаңды нұрландыр» шарасы аясында жапонтану бөлімінің студенттерінің жобасында көрініс тауып, пайдаланылатын болады.

Цукуба университетінің студенттері ҚазҰУ-дың Қысқы мектебі барысында жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінде орыс тілін оқып үйренді. Жапон жоғары оқу орнынан келген шетелдік қонақтар Ш.Китамура, Ш.Ниия, К. Коджима, Т.Кикута, Ю.Амано, Н. Ишибаши, С.Гото «Аймақтану: Орталық Азияның саясаты, экономикасы және мәдениеті» курсынан өткені жайлы сертификат пен транскрипт алды.

Жапон студенттері арнайы «Homestay» бағдарламасы бойынша қазақ отбасыларында қонақта болды. Олар қазіргі қазақ отбасының тұрмыс-тынысымен танысуға мүмкіндік алғаны үшін алғыстарын білдірді.Сонымен қатар, ҚазҰУ жастары тартымды концерттік бағдарлама ұйымдастырып, қонақтарды қазақтың дәстүрлі өнерімен де таныстырды.

 

Қиыр Шығыс кафедрасы