«Алау» тобымен кездесу

06.12.2016

Көрулер: 2404

                    «Алау» тобымен кездесу

Желтоқсанның бірінші жұлдызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің информатика кафедрасының ұйымдастыруымен студенттер сарайында «Алау» тобының бір жылдығына арналған мерекелік кеш болып өтті.

2015 жылдың 30 қарашасында Баян Есентаеваның бастамасымен құрылған бұл топ бір жыл ішінде өз көрерменін тауып үлгерді.

Бұл кештің ҚазҰУ студенттер сарайында өтуі топ мүшесі Әсет Арыстанбектің механика-математика факультетінің информатика кафедрасының түлегі болуында.

Кештің тізгінін әнші әрі актер Дидар Каден ұстады. Мереке жігіттердің алғаш топ болып танылуына үлкен әсерін тигізген «Welcome to Қазақстан» әнімен ашылды. Өнерлі топ қоржындарындағы «Жаным бол», «Гүл әпше», «Тыңда» атты әндерін орындап, коцертті қыздыра түсті. «Алау» тобын қолдауға  «Кешью», «Лашын» топтары мен Кәмшат Жолдыбаева, Нұрлан Тәжібаев келіп, өнерлерін көрсетіп, көптің көңілін бір көтеріп тастады. Сондай-ақ, жігіттер көрерменнің көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап берді.

Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы «Алау» тобына құттықтау хат жолдады. Сонымен қатар, механика-математика факультетінің деканы Мақтағали Бектемесов факультет түлегі Әсеттің үлкен сахнада жүргендігін мақтанышпен жеткізіп, бір жылдық мерей тойларымен құттықтады. Топтың бұдан да биік  белестерден көрінуіне тілектестік білдіріп, информатика кафедрасының атынан сыйлықтар табыс етілді.

«Алау» тобына шығармашылық табыс және тек жоғарыдан көрінуін тілейміз.

 

                                                             Омарова П.Т., Калменова Г.Б.