«Тәуелсіздік жастары» атты шағын-футболдан турнир өтті

05.12.2016

Көрулер: 1978

«Тәуелсіздік жастары» атты шағын-футболдан турнир өтті

Алматыда ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен, ҚазҰУ-дың «Сұңқар» кәсіподағының ұйымдастыруымен қалалық ЖОО арасында «Тәуелсіздік жастары» атты шағын-футболдан турнир өтті.

ҚазҰУ-дың спорт кешенінде намыстарын жаныған жігіттер бақ сынасып жеңіс  үшін барын салды. Турнирге мықты құраммен келген командалардың бабы мен бағы қатар жанған төрт команда жарыстың екінші күні өткен ақтық сайысқа жолдама алып, жүлделі орындарды өзара бөлісті. Атап айтар болсақ, Еуразия Технологиялық университетінің командасы жеңімпаз атанса, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің командасы  2- орынды иеленді. Ал Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ командасы жүлделі 3 орыннан көрінсе, Қазақ көлік жолдары университетінің командасына  жартылай финалда сәттілік жетіспей 4 орынды місе тұтты.

Жарыс нәтижесі бойынша өз командаларының намысын қорғап, шебер ойын көрсеткен жекелеген футболшылар да марапаттан тыс қалған жоқ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасының ойыншысы Мадияр Жаппарұлы «Үздік ойыншы», Қазақ Қатынас жолдары университетінің қақпашысы Дәурен Билимбаев «Үздік қақпашы», Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ   командасының шабуылшысы Жантуар Лес «Үздік шабуылшы» және өз университетінің намысын қорғап келген «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің жанкүйерлеріне «Үздік жанкүйер» номинациялары берілді.

Жүлдегер командалар мен номинация иегерлеріне ақшалай сыйақылар  мен бағалы сыйлықтар берілді. Турнирдің  жалпы жүлде қоры 300 000 теңгені құрады.  

Шұғыла Мейрамбекқызы, ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрайымы: 

- Бұқаралық спорт түрін жастар арасында насихаттау біздің «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ауқымды шараларына еніп келеді. Бұл жолы Алматы қаласындағы 32 ЖОО басын қосып, шағын футболдан турнир өткіздік. Екі күн бойы  созылған тартысты жарыста мықтылардың мықтысы топ жарып шығып,  ақтық сайыста жеңімпаз атанды.

Күнту Арынбек, ҚазҰУ студенті