Дүниежүзілік Конфуций институты күні

30.09.2016

Көрулер: 4200

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Конфуций институты Дүниежүзілік Конфуций институты күнін атап өтті. Мерекелік іс-шараға ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулдығының өкілдері, Қытай, Румыния және Македония елдерінен келген шетелдік қонақтар, сонымен қатар ҚазҰУ-дың қытайтану кафедрасы мен Алматы қаласының басқа да жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Университетімізде Дүниежүзілік Конфуций институттарының күнін атап өту біз үшін дәстүрге айналды. Дәстүр бойынша жыл сайын өткізілетін мерекелік шаралар қазақстандық және қытайлық жастардың өзара қарым-қатынас орнатуына және білім беру саласында ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Конфуций институты – Қазақстан Республикасындағы қытай тілі бойынша жоғары дәрежелі мамандарды дайындайтын көшбасшы орталықтардың бірі. Дарынды жастарды шет тілді меңгеруге ынталандыруда, білім берудің сапасын көтеруде, мәдениетаралық байланысты дамытуда және Қытайдың жоғарғы оқу орындарымен серіктестікті дамыту барысында Конфуций институтының қызметі зор.

Биыл мерекелік шаралар шеңберінде «Алматы қаласының ЖОО-дағы қытай тілі: қазіргі жағдайы мен қиындықтары» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел барысында мамандар қытай тілін оқытудың әдістері мен ЖОО-ның оқу материалдарымен қамтылу мәселелерін талқылады. ҚазҰУ-дың қытайтану кафедрасының оқытушылары қытай тілін үйретудегі мәселелерді қозғай отырып, басқа оқу орындарындағы әріптестерімен өз тәжірибелерін бөлісті. Бұл күні сонымен қатар студенттерге арналған түрлі шеберлік сабақтары өткізілді. Студенттерге арнап каллиграфиядан, қағаз қию өнерінен, тайцзицюаннан шеберлік сағаттары өткізілді.