Бауырсақ Party

22.09.2016

Көрулер: 5975

ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер кәсіподағының ұйымдастырумен 22 қыркүйек тілдер мерекесіне арналған «Бауырсақ Party» атты науқан өтті.

Мерекелік іс-шарада ана тіліміздің мәртебесі мен ұлттық дәстүрімізді ұлықтау мақсатында студенттер мен ұстаздар қауымына бауырсақтар таратылды. Бауырсақтан дәм тату үшін алдымен бір мақал-мәтел немесе қара өлең айту керектігі науқанға ерекше мән үстеді.

Іс-шара университет кампусының барлық аймақтарын қамтыды. Атап айтар болсақ: Мәңгілік ел студенттер мен түлектердің салтанатты қақпасы мен ректорат ғимаратының және барлық факультеттердің оқу корпустарының алдында бауырсақтар таратылды. Сонымен қатар университеттің өнерлі жастары шағын мерекелік концерттер туралы да ұмытқан жоқ. Шанағына күй тұнған домбыра ұлттық өнерімізбен сусындатып, сұлу саздың сиқырын сездірді.

Аталмыш науқан «Сұңқар» студенттік кәсіподағының тілдер мерекесіне орай жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын ауқымды шараларының бірі. Сол арқылы студенттер тіл мерекесіне салғырт қарамайтындығын және студенттердің, оқытушы-профессорлық құрамның ана тілімізге деген құрметін арттыруға өз үлестерін қосты деп білеміз. Қазақстан Республикасының тілдер мерекесіне арналған мәдени шаралар әлі де жарасымды жалғаса бермек.

Мереке құтты болсын! Ана тілдің айбыны асақақ болғай!