ҚазҰУ ұжымы Олимпиада қаһармандарын қарсы алды

15.08.2016

Көрулер: 3595

ҚазҰУ студенттері және оқытушылары олимпиада қаһармандарын қарсы алды

Бүгін жанкүйер қауым әуежайда олимпиада қаһармандары Дмитрий Баландин мен Елдос Сметовті күтіп алды. Қарсы алушылардың басым көпшілігін олар білім алып жатқан ҚазҰУ-дың студенттері мен оқытушылары құрады.

Әуежайда ҚазҰУ студенттері жарқын дауыспен: «Баландин – біздің қаһарман!», «Елдос – жарайсың!» деп ұрандатты. Олар алдыңғы буын ағаларын мақтан тұтады, себебі Дмитрий Қазақстанның жүзу тарихындағы алғашқы олимпиада медалін жеңіп алса, Елдос дзюдодан күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Шексіз қошемет пен құрметке бөленген спортшыларға студенттер жыр арнап, гүл мен кәдесыйларын табыстады. Өз кезегінде спортшылар жанкүйерлерімен әңгіме-дүкен құрып, Олимпиададан алған әсерлерімен бөлісті, қолтаңбалар берді. Олимпиада жүлдегерлерін құттықтау үшін университет ректоры Ғалым Мұтанов пен қала әкімі Бауыржан Байбек те келді.

«Сіздер туған университеттеріңіз бен Қазақстанның даңқты шежіресінің тағы да бір жеңіске толы бетін аштыңыздар. Біз сіздермен және сіздердің жеңістеріңізбен мақтанамыз! Сіздердің жеңістеріңіз – жоғары шеберліктің, рух күшінің, жан-тәнімен күресудің айқын үлгісі. Біздің студенттердің алдағы уақытта да еліміздің көк байрағын биік ұстап, ең жоғары деңгейде жаңа рекордтарға қол жеткізетініне сенемін!» – деді ректор Ғалым Мұтанов кездесуде.

Дмитрий Баландин ҚазҰУ-дың дене тәрбиесі және спорт кафедрасының 4-курсында, ал Елдос Сметов заң факультетінде білім алуда. Олар өз жанкүйерлеріне ыстық ықыластары мен шынайы қолдаулары үшін алғыс білдірді. Спортшылар босаңсуға уақыт жоқ екендігін айтты, алда – «Универсиада – 2017».

«Бізге қолдау көрсеткендеріңізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңызды біз қашанда сезініп жүрдік. Мен үшін елімізді әлемге таныту, көк Туды желбірету асқан мәртебе», - деп Дмитрий Баландин барша азаматтарға ризашылығын білдірді.

«Жеңісімді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаймын. Осындай құрмет, қошеметпен қарсы алып жатқандарыңыз үшін баршаңызға айтар алғысым шексіз. Бұл жеңісті Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына табыс етемін. Риода спортшыларымызға тек жеңіс тілеймін», - деді Елдос Сметов.

Жуық арада туған университет қабырғасында Дмитрий мен Елдосты құрмет көрсету салтанатты жиыны күтіп тұр.

«Барлық қазақстандықтармен бірге мен сіздерге жанкүйер болдым және сіздердің жеңістеріңіз үшін шын жүректен қуаныштымын. Қалың ел біздің спортшылардың өнерлерін аса мұқияттылықпен тамашалады, Сіздер ел үмітін ақтадыңыздар! Осылайша ең жоғары марапатқа лайықты екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер! Сіздерге Олимпиададағы жеңістеріңіз үшін үлкен рахмет!» – деп ҚазҰУ студенті Досжан Балабек спортшыларға алғысын жеткізді.

Соңғы бес жыл көлемінде ҚазҰУ – еліміздегі студенттік спорттың теңдессіз көшбасшысы. Айта кетерлігі, Риодағы Олимпиада ойындарына аттанған Қазақстан құрамасының сапында ҚазҰУ-дың 17 студенті бар, олар спорттың алты түрі: жүзу, ауыр және жеңіл атлетика, дзюдо, еркін және грек-рим күресі бойынша өнер көрсетуде. 2015 жылы өткен Бүкіләлемдік студенттік универсиадада Қазақстан қоржынына түскен 6 алтын медальдің 5-еуін ҚазҰУ студенттері салған болатын. Университеттік «Саламатты дене мәдениеті» қозғалысының аясында ҚазҰУ-да спорттың 30-дан астам түрі дамуда, секциялар клубтық пішінде жұмыс істеуде, осының арқасында университет халықаралық деңгейдегі саңлақ спортшылар легін даярлап шығарды.

 

Баспасөз қызметі,

8(727) 377 31 48 / 49

Сурет: Жунісбеков Марат