Бітірушілер Шәкірттік уәде берді

28.06.2016

Көрулер: 3764

Бітірушілер Шәкірттік уәде берді

ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай журналистика факультеті бітірушілерге диплом тапсыру және олардан Шәкірттік уәде қабылдау салтанатын өткізді. Әл-Фараби кітапханасына жиналған республикамызға белгілі журналистер мен бітірушілерге университеттің оқу ісі жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Асқар Хикметов Ректордың құттықтау сөзін жеткізді. «Шәкірттік уәдесін берген болашақ мамандар кәсібіне адал болады деген оймен осы шараны ұйымдастырып отырмыз», - деді журналистика факультетінің деканы С. Медеубекұлы кіріспе сөзінде.

Шара барысында Мемлекеттік емтихан төрағалары (қазақ және орыс бөлімдерінің) «Мысль» журналының Бас редакторы Сейдахмет Құтттықадам мен «Ақиқат» журналының Бас редакторы Аманхан Әлім Мемлекеттік емтихан және диплом қорғау қорытындыларына тоқталып, бітірушілердің білім деңгейіне ризашылықтарын білдірді.

Шара ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай университетіміздің өміріне белсене атсалысып келе жатқан жұмыс беруші әріптестерімізді «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерекелік медалімен марапаттау рәсіміне ұласты. Атап айтқанда, «Алатау» баспасының директоры Ырым Кененбаев, «Түркістан» халықаралық апталығының халықаралық шолушысы Нәзия Жоямергенқызы, сондай-ақ, университеттің ерекше еңбегімен көрінген ұстаздары осы медальмен және Ректордың Алғыс хатымен марапатталды. Келесі кезекте Қазақстан Журналистер Академиясының Президенті Сағымбай Қозыбаев бірқатар БАҚ өкілдеріне академияның дипломын тапсырды.

Университет түлектері шараға арнайы шақырылған қонақтардың, атап айтқанда Президент әкімшілігі Баспасөз қызметі Алматы бөлімінің бастығы Валерий Жандаулетовтің, Мәжіліс депутаты Артур Платоновтың, «Қазақ газеттері» ЖШС президенті Жұмабек Кенжалиннің, «Қазақ радиосы» Алматы филиалының Бас редакторы Мұрат Мұқаштың, «Свобода слова» газетінің Бас редакторы Жанна Ойшыбаеваның, «Қазақстан» ТРК продюсері Жаңыл Асылбекованың, «Гүлстан» журналының Бас редакторы Батима Қабдолданованың және т.б.қолынан диплом ала отырып, кәсіби қызмет әдебіне адал екендіктерін іс барысында жоғары жетістіктермен дәлелдеуге уәде берді. Шара соңы концерттік бағдарлама мен бітірушілердің әсем биіне ұласты.

Назгүл Шыңғысова

Фотолар авторы: Жүнісбеков Марат