Түлектер – университет мақтанышы

28.05.2016

Көрулер: 11591

Түлектер бас қосты

Түлектер – университет мақтанышы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайынғы дәстүр бойынша Түлектер күні атап өтілді. ҚазҰУ-дың барша түлектеріне арналған салтанатты шара Қазақстан Республикасының 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналды.

Барша ҚазҰУ түлектері күнін тойлау мерекесіне орай оқытушылар, студенттер мен ҚазҰУ түлектерінің қоғамдастығы студенттік кампус аумағында «Мәңгілік Ел» сәулет кешенін құру идеясын ұсынды. Мереке басында аталмыш кешеннің негізгі композициялық құрылымы – «Мәңгілік ел» студенттер мен түлектер триумфальды қақпасы, «Темірқазық» монументалды композициясы және субұрқағы бар «Тайқазан» алаңының таныстырылымы өтті. Алдағы уақытта бұл жоба бітірушілердің  ортасында ерікті жарналар салу негізінде жүзеге асатын болады. Жиылған қауымды аталмыш жобалармен таныстырған Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры Күлғазира Нұранқызы Меценаттардың құрмет тақтасының тұсауын кесті. Сонымен қатар түлектер Шығыстың ұлы ойшылы Әбу-Насыр әл-Фараби ескерткіші мен академик Ө.А. Жолдасбеков монументіне құрметпен гүл шоқтарын қойды.

Түлектер күніне арналған мерекелік жиында сөз бастаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы: «Әр университет жұмысының көрсеткіші – түлектері. Түлектерінің еңбек жолындағы үздік жетістіктері – университет үшін зор мақтаныш. Осы орайда ҚазҰУ түлектері қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрініп жүр. Өз ісінің шебері атанып, туған университетінің дәрежесін көтеріп жүрген барша түлектерімізге үлкен алғысымды жеткіземін», – дей келе, 2016 жылғы жас түлектерге ақ жол тіледі. Сонымен қатар ректор университеттің дамуына айрықша үлес қосқаны үшін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық медалімен бірқатар түлектерді марапаттады. Олардың қатарында геология-топырақтану факультетінің 1954 жылғы түлегі Н.Ә. Калимолдаев, белгілі драматург, журналист 1971 жылғы түлек С.Б. Балғабаев, химия факультетінің 1986 жылғы түлегі Д.Ж. Нүкетаева, химия факультетінің 1981 жылғы түлегі З.Г. Катранова және заң факультетінің 1981 жылғы түлегі Б.С. Рахимов болды.

Мерекелік кеште Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті, з.ғ.д., профессор, заң факультетінің 1981 жылғы түлегі Қайрат Әбдіразақұлына сөз берілді. Қ. Мәми: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жыл сайын мамыр айының соңғы сенбісінде атап өтілетін есте қаларлық ерекше мейрам бар. Ол – Түлектер күні! Бүгінгі кездесуге келген баршаңызды, университет басшылығы мен ұстаздарды, түлектер мен студенттерді атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күні жиналғанның бәрі бірін-бірі көріп, тілдесіп қана қоймай, қайта оралмас студенттік жылдардың естеліктерін еске алудың тамаша мүмкіндігіне ие болады. Біз ҚазҰУ-мен, ҚазҰУ түлектерімен мақтана алады деп сеніммен айта аламын. Осы жылғы бітіруші әрбір жас түлек аға буыннан үлгі алуы қажет. Қасиетті қара шаңырақ қабырғасында алған білімін ел игілігіне жұмсау – әрбір түлектің міндеті», – деп сөз бастап, одан әрі Түлектер қауымдастығының біржылдық жұмысын қорытындылады. Сонымен қатар ол алда жасалатын жобалармен таныстыра отырып, сахнаға белгілі ақын, ҚазҰУ түлегі Олжас Сүлейменовті шақырды. Университет басшылығы даңқты түлегін «Қазақстанның Еңбек ері» атағын иеленуімен құттықтай отырып, «ҚазҰУ-дың № 1 белді түлегі» медалімен марапаттады. Сондай-ақ Олжас Омарұлы Түлектер қауымдастығының атынан үздік студенттерге шәкіртақылар табыстап, білім жолында сәттілік тіледі.

Кездесу барысында түлектер атынан өзге де үздік студенттерге және кафедраларға бағалы сыйлықтар тапсырылып, көпшілік назарына альма-матер жетістіктері туралы арнайы фильм ұсынылды. Жиынның ресми бөлімі аяқталған соң, шараға қатысушылар ҚазҰУ студенттері дайындаған мерекелік гала-концертті тамашалады. Әрі қарай дәстүр бойынша салтанатты кездесу факультеттерде жалғасын тапты. Түлектер өз факультеттерін аралап, оқытушылармен және студенттермен кездесіп, сұхбаттасты.

Бір күнге созылған Түлектер күнін керемет нотада қорытындылаған бал бітірушілердің көңілін бір серпілтіп тастады. Бүгінде елімізде жастардың қатысуымен ұйымдастырылатын кештерде вальс билеу үлкен танымдылыққа ие болып келеді. Университет студенттерінен құралған дебютанттар полонез биін билеп, артынан Вена вальсімен көпшілікті тамсандырды.

«Бүгін сіздер шын мәнінде үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрсыздар. Біз сіздерге тек сапалы білім беріп қана қоймай, сонымен қатар әрқайсыңыздың бойыңызға азаматтық қасиеттерді сіңіре білдік деп ойлаймыз.

Бүгін қоштасу кеші. Алайда біз сіздермен қоштаспаймыз. Сіздер үшін ҚазҰУ есігі әрдайым ашық. Университет бітірушілерге арнап тиімді «Түлектер карточкасын» жасады. Аталмыш карта университет бітірушілеріне алдағы уақытта оқу ордасының бірегей Әл-Фараби кітапханасымен, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығымен, жақында ашылатын жүзу бассейіні қызметтерін еш кедергісіз пайдалануға мүмкіндік береді», – деді ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанұлы. Құттықтау сөз соңында университет басшысы студенттік жылдарда белсенділік танытқан оқу озаттарын алғысхаттармен марапаттады.

Қара шаңырақтың Түлектер күніне қызу дайындықпен қатысқан, күні ертең өздерінің бітіру жұмыстарын қорғап, дипломдарын қолға ұстағалы тұрған биылғы бітірушілер үшін бұл кеш ерекше толқумен өтті. Бұл кеш бітіруші түлектер жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Түлектерді құттықтау үшін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мөлдір Әуелбекова арнайы келіп, салтанатты жиын соңы жастардың би кешіне ұласты.

Қаламқас АМАНҚОСОВА,

Елдана ТОҚБАЙ