Конфуций Институты кітапханасы қытай тіліндегі бірегей оқу құралымен толықты

26.05.2016

Көрулер: 3275

ҚазҰУ жанындағы Конфуций Институты кітапханасы «әл-Фараби және қазіргі заман» атты қытай тіліндегі бірегей оқу құралымен толықты.

ҚазҰУ-да Ланьчжоу университетінің қатысуымен Конфуций Институттарының Консультативті Кеңесі өтті. Төрт жақты Консультативті Кеңес жиналысына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Ланьчжоу университетінің, Ташкент мемлекеттік Шығыстану институтының, Тбилиси бостандық университетінің өкілдері қатысты.

Қазақстан Қытайдың «Бір аймақ – бір жол» атты жаһандық жобасын жүзеге асыруда стратегиялық серіктесі. Бұл үдеріске университеттер де білімге негізделген жаңа инновациялық экономиканың даму нүктесі ретінде өздерінің үлесін қосады. Орталық Азия бойынша Жібек жолы университеттері Альянсының Хабы ретіндегі қызметі ҚазҰУ жұмысының басты бағыты.

Конфуций институттары жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі – серіктес университеттер арасындағы байланысты одан әрі дамыту жолдарын анықтау. Ланьчжоу университетімен тығыз байланыстың арқасында бүгінде ҚазҰУ академиялық ұтқырлық және қос дипломды білім алу бағдарламасы бойынша студенттерді дайындап, ғалымдар мен оқытушылар ғылыми конференцияларға қатысуда. Сонымен қатар бірлескен жобалар да жүзеге асуда.

«Бүгін біз қытайлық әріптестермен Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл – Фараби мұрасын таратуды басты мақсат еткен бірлескен жобаның нәтижесін ұсынамыз. Институттың Кітапхана қоры «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты қытай тіліндегі бірегей оқу құралымен толықты», - деді ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев.

Ланьчжоу университетінің проректоры Пан Бау Тиен: «Біз ғылыми-ағартушылық бағыттағы серіктестікті одан ары дамытуға және екі ел арасындағы көпжақты серіктестікке жаңа серпін беруге ниеттіміз» - деп атап өтті.

Қазақстан Республикасындағы қытай тілі бойынша жоғары білікті мамандар дайындаудан жетекші орталық болып табылатын ҚазҰУ жанындағы Конфуций институтының табысты қызметі – Қазақ ұлттық университеті мен Ланьчжоу университеті арасындағы ұзақ жылдық әріптестік пен бірлескен күштің нәтижесі.

Тараптар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жазғы тіл мектебін бірлесіп ұйымдастыру ұсынысын бірауыздан қолдады.

 

Баспасөз қызметі

әл-Фараби ат. ҚазҰУ

8 (727) 377 31 48 / 49