Белгілі қайраткер, академик, ұстаз Төлеген Әбдісағиұлының 70 жылдық мерейтойы тойланды

01.05.2016

Көрулер: 2721

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қожамқұлов Төлеген Әбдісағиұлының 70 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жүрінов, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Иқсанова, Парламент Сенатының депутаты Асқар Мұсаханов, Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілетті хатшысы Қуатжан Уалиев, ҚР ЖОО-ның ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары және өзге де қоғам қайраткерлері қатысты.

Т. Ә. Қожамқұлов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның дәрежесін жоғары көтеріп, Қазақстанда 2003 жылы ең алғашқы болып Болонья қаласында (Италия) Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Сол арқылы Қазақстанның Жоғары мектебінің осы заманғы әлемдік және Еуропалық білім беру кеңістігі интеграциясына тікелей жол ашты. 2006 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші болып егемен Қазақстан тарихында тұңғыш рет ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың тапсыруымен «Алтын сапа» – дәрежесін иеленді. Академик Т. Ә. Қожамқұлов Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылыми Кеңесінің мүшесі, көптеген шетел университеттерінің Құрметті профессоры.

Салтанатты жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик  Ғалым Мұтанұлы ашты. «Белгілі қайраткер, академик, ұстаз Төлеген Әбдісағиұлының еліміздің игілігі үшін жасалған ұшан-теңіз еңбегі, қай кезде де жоғары деңгейде бағаланып келе жатыр. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған жиында, академиктің танымсыз еңбек жолынан, қиын да қызықты өмірінен естеліктер айтылып, құттықтау-тілектер жеткізілетін болады», – деді ректор мырза.

«Сіз – көрнекті ғалым, білікті педагог, іскер ұйымдастырушы ретінде білім мен ғылым саласын дамытуға мол үлес қостыңыз. Жетісу мемлекеттік университеті мен Қазақ ұлттық университетін басқарып, жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына елеулі еңбек сіңірдіңіз. Ғылым саласындағы айрықша жетістіктеріңіз, мемлекеттік сыйлық және жоғары марапаттармен атап өтілді. ҰҒА академигі аталып, талантты шәкірттер дайындап, ғылыми мектеп қалыптастыруыңыз, үздіксіз ізденістеріңіздің жемісі. Зерделі зерттеулеріңіз табыспен жалғаса берсін»,– деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы құттықтау хатын оқу барысында. Сонымен қатар қала әкімі Төлеген Әбдісағиұлының Қазақстан ғылымының дамуына қосқан орасан зор үлесі мен кванттық теория саласында ашқан жаңалықтарына ерекше тоқталды.

Салтанатты жиын соңында мерейтой иесі жиналған көпшілікке алғыс айтып, ізгі тілектерін білдірді.