БҰҰ Моделі – Жаңа Жібек Жолы

29.04.2016

Көрулер: 4224

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде БҰҰ «Академиялық ықпалдастық» бағдарламасының Жаһандық хабы ретінде Орталық және Оңтүстік Азия аумағындағы «БҰҰ Жаңа Жібек жолы моделі» (MUN-NSW 2016) атты ірі халықаралық студенттік конференциясы өтті.

Аталмыш модель БҰҰ-ның Орталық Азия аумағындағы ең ірі моделі болып табылады. Жастар форумы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25-жылдығы мен еліміздегі БҰҰ қызметінің 25-жылдығына арналды. Конференцияға Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің делегаттары, сондай-ақ АҚШ, Италия, Франция және т.б. елдердің студенттері қатысты. Делегацияның басым бөлігін Қазақстанның әр аймағынан келген студенттер құрады.

Мерекелік пленарлық отырыста БҰҰ өкілдері, шетел елшіліктерінің дипломаттары, Алматы қаласының және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әкімдігі жастарға үндеу тастады.

Университеттің Бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев БҰҰ Моделінің өткізілуін 2015 жылдың қыркүйегіндегі Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде БҰҰ Бас Ассамблеясында Н.Ә.Назарбаевтың маңызды бастамалары қаралған «Тұрақты даму мақсаттары» декларациясына қол қойылған күндермен сәйкес келуінің мәнін ерекше атап өтті.

Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының бұрынғы басшысы Саясат Нұрбек университеттің БҰҰ Моделін өткізу жөніндегі бастамасына қолдау көрсетті. Студенттерге үндеу тастай отырып, ол әрбір адам өз өмірі мен әлемнің бейнесін өзі салады деді. БҰҰ Моделі сияқты форумдар кикілжің мен түсініспеушіліктерді жеңіп, әлемге мейірімділік, достық пен әділеттіліктің реңін әкелетінін айтып, жиынның негізгі кейпін аша түсті.

БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Норимас Шимомура мырза өз сөзінде: «Жастар форумы БҰҰ-ның тұрақты даму мәселелері бойынша өткен Саммитте қалыптасқан Дамудың 17 мақсатын дамытуға бағытталған», -деді. Күн тәртібіндегі діни азшылықтардың мәдени алуантүрлілік ретіндегі интеграциясы; халықаралық ақпараттық қауіптерінің алдын алудың жаңа концепциялары; ТДМ-10 аясында ел ішіндегі және елдер арасындағы байлықтардың дұрыс бөлінбеуі; репродуктивті денсаулық саласындағы сексуалдық және гендерлік зомбылықтың әсері; дамушы елдердегі өндірістік қауіпсіздік сияқты тақырыптардың өзектілігін мақұлдады. Шимомура мырза БҰҰ Моделі тұрақты әлемді құруға теңдессіз көмек көрсететініне деген үмітін білдірді. Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Ширин Сони мырза сөз сөйлеп жатқан кезде жүздеген студенттер оның бұйрығы бойынша қолдарын көтеріп, салтанатты түрде БҰҰ қағидалары мен құндылықтарын үнемі қолдайтындығы жөнінде салтанатты түрде ант берді. Сондай-ақ Италия елшісі Стефано Раваньян, Франция елшісі Френсис Этьен құттықтау сөздерімен ортаға шықты. Олар әлемде көптеген қақтығыстар, соғыстар мен трагедиялар орын алып жатқанда, БҰҰ платформасы бірліктің, өзара түсіністік пен келісім мекеніне айналғандығын атап өтті.

АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Марк Муди бірнеше жылдар бойы АҚШ үкіметінің қолдауымен өтіп жатқан форумның маңыздылығын атап өтті. Студенттердің тұрақты даму құндылықтарын үнемі қолдайтындықтарына үлкен үміт артты.

БҰҰ Алматыдағы қоғамдық департамент директоры Властимил Самек мырзаның БҰҰ Бас хатшысы Кристина Гаяктың қолы қойылған ҚазҰУ-дың БҰҰ «Академиялық ықпалдастық» Бағдарламасының Ғаламдық Хабы ретіндегі құзыреттілігінің мерзімін ұзарту туралы БҰҰ сертификатын табыстау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Конференция қонағы, БҰҰ Рим Моделі президенті Роберто ди Геловани мырза: «БҰҰ Жаңа Жібек жолы Моделі студенттік конференциясы» – әлемнің жас азаматтарына арналған адамзаттың жаһандық мәселелерін шешуге арналған моделі», - деді.

Үш күн ішінде студенттер БҰҰ мемлекеттерінің толыққанды құзіретті делегаттары рөлінде ой білдірді. Ашық түйткілді пікірталастар арқылы олар өздері ұсынып отырған мемлекеттің ұлттық қызығушылықтарын қорғады. Тұрақты дамудың 17 мақсатын іске асыруға деген кеңестерден тұратын қорытынды құжат – қарар қабылдау іс-шараны қорытындылады.