"Түркістан" газеті
Көрулер: 2597
Халықаралық «Түркістан» газетінің ұжымы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің студенттерімен кездесу өткізіп, жазу өнерінің шеберлігіне қатысты ауқымды әңгіме қозғады. Газеттің бас редакторы Қуат Әуесбай сөз арасында өзінің рухани қара шаңырағы журналистика факультетінің түлектерімен бірлесе отырып, келешекте газеттің заманауи форматпен шығуына үлес қосуға шақырды. Ой бөлісу мақсатындағы жүздесуде, жастар сұрақ-жауапқа көшіп, ашық пікірлерін ортаға салды.
Газет деген – тек ақпараттық ағынмен ғана шектелмейді, елдің бейнеті мен бейнесін танытатын, әлеуметтік мәдениет пен білім-ғылымның насихатшысы әрі қоғамның тыныс-тіршілігін бақылайтын парасатты руханият тұрақтылығы екендігі жайында біраз идеялық мақсаттағы тәлімді пайымдаулар да тілге тиек етілді.
Газеттің жауапты хатшысы Динара Мыңжасар мен танымал журналист Таңсұлу Алдабергенқызы көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, студенттерге білім, ғылым өнер мен еңбек тәрізді ортақ мағыналас ой тудыратын тақырыпта ойларын ширатып айтты. Факультет түлектері, бүгінде газеттің журналистері Аяулым Салықжанова, Арман Құдайберген, Әсел Әнуарбек – білімнің парқы мен еңбектің нарқы оқып, тоқумен, тәжірибе жинақтаумен ұштасып жататындығын айтып өтті.
Кездесу соңында студенттер газеттің шығармашылық ұжымына алғыс айтты.
Молдахан Кәріпбайұлы,
журналистика факультетінің доценті.