Журналистік білім – жаһандық бағыттар /egemen.kz

23.02.2018

Көрулер: 2207

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы Халықаралық Фараби оқулары аясында Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен Халықаралық журналистиканы оқыту стандарттарына арналған II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Білім беру стандарттарының жоғары деңгейін жетілдіру үшін сапалы ғылыми платформа болып отырған конференция тұрақты даму мақсатында әртүрлі елдердің ғылыми қоғамдастығы мен халықаралық ұйымдардың арасындағы өзара қызмет пен диалогты ұйымдастыруға бағытталды. Ғылыми пікірталастың сессиялары мен негізгі бағыттары мына үш мәселе бойынша өрбіді. Журналистік білім берудің халықаралық трендттері, және оның ішінде журналистік білім берудің жаһандық бағыттары; Қазақстандық медиа-мектеп, инновациялық модельдер. Екінші бағыт халықаралық журналистиканың – даму бағыттарына арналып, мамандықтың жаңа стандарттары, Орталық Азиядағы журналист мәртебесі, реттеу құралдары және БАҚ-тағы өзін өзі реттеу, журналистік шеберлік және бұқаралық мәдениет нысанындағы кәсібилік, тұрақты даму және журналистика: өзара қарым-қатынас аспектілері, азаматтық журналистика контенті сынды мәселелерге арналды. Үшінші бағыт бойынша Халықаралық журналистиканы дамыту саласындағы MTIJ конференциясының мүмкіндіктері; журналистика педагогтарының корпарациясын құру мен ұйымдастыру мәселелері бойынша ұсыныстар терең талқыланды. Шара аясында халықаралық журналистика саласының жетекші мамандарымен шеберлік сыныптары өткізіліп, қатысушыларға сертификаттар табысталды. Жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің басшысы Сергей Карпов, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Жұмабек Кенжалин, Польшадағы Адам Мицкеевич университетінің кадр және қаржы жөніндегі проректоры Тадауэш Валлас, MDP бағдарламасының директоры , Колумбия университетінің адьюнк-профессоры Рафис Абазов сынды білікті мамандармен қатар еліміздегі БАҚ басшылары, Қазақстандағы БҰҰ Қоғамдық Ақпарат Департаментінің өкілдері, шетелдік мемлекеттер елшіліктері мен консульдықтарының өкілдері, АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Түркия, Ресей бұқаралық коммуникация ғалымдары мен зертеушілері, оқытушылар, магистранттар мен доктаранттар қатысты. Жоғарыда айтылған маңызды мәселелерге байланысты баяндамалар оқылып, еркін пікірталас жүргізілді. – Қазіргі жаһандану кезеңінде ең маңызды тақырыптың бірі – тұрақты даму. Ал журналистикадағы өзекті мәселе – сандық, мультимедиялық интерактивті коммуникациялық технологиялар дәуірінде халықаралық деңгейде журналистер дайындау сапасы, Қазақстандағы қазіргі журналистік білім берудің деңгейі. БҰҰ академиялық ықпал Хаб бағдарламасының аясында өткізілуі маңызын одан да арттыра түседі. Біз Қазақстанда отырып, әлемнің түкпір-түкпірінде объективті, толыққанда жан-жақты мақала жариялайтын, халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті журналистке тән құзіреттіліктер қалыптастыруымыз қажет. Бұндай конвергенция Қазақстанның ақпарат нарығын сақтауға мүмкіндік береді – дейді, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова. Сондай-ақ, іс-шарада отандық журналистиканы жан-жақты дамытудың жаңа бағыттарына байланысты көптеген ұсыныстар айтылды.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан». Алматы.

18.04.2017