Ғаббас Жұматұлы Жұматовқа – 100 жыл!

20.09.2018

Көрулер: 2795

Тарих, археология және этнология факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері, атақты Брест қамалын қорғаушылардың бірі, тарихшы - ғалым, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ардагері Ғаббас Жұматұлы Жұматовтың 100 жылдығын атап өту мақсатында, «Ғасыр жасаған тұлға: ғалым, ұстаз, батыр» атты еске алу жиыны өтті. Жиын «Керемет» Студенттерге қызмет көрсету орталығында ресми түрде өткізілді.

Жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрметті ардагер-оқытушылары т.ғ.к., профессор Т.Қ. Қаратаев, э.ғ.д., профессор Ө.Қ. Шеденов, ардагерлер кәсіподақ кеңесінің мүшесі К.Ш. Баймишева, п.ғ.д., профессор Ж.Түрікпен-ұлы, Алматы қаласының, Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Біржанов, тарих, археология және этнология факультетінің деканы М.С.Ноғайбаева, Қазақстан кафедрасының меңгерушісі т.ғ.д., профессор Б.Б.Карибаев, т.ғ.д, профессор Т.Омарбеков қатысты.

Жиын барысында Ғаббас Жұматұлы Жұматовтың өнегелі өмірі мен қызмет жолы жайында баяндамалар оқылып, арнайы бейнебаян көрсетілді. Сондай-ақ көпшілік үшін арнайы кітап көрмесі мен фото-сурет көрмесі ұйымдастырылды. Шақырылған қонақтар тарапынан естеліктер айтылды.

Отаны үшін тайсалмастан табанды ерлік жасаған, тарихшы-ғалым, қоғам қайраткері Ғаббас Жұматұлыны еске алу жиыны, тарих ғылымының жолына бет түзеген білімпаздар мен жас тарихшылар үшін маңызы зор жиын болды. Бұл – ұлыларымызды ұлықтау, олардың еңбегіне құрмет көрсету, өскелең ұрпаққа насихаттау және тұлғаларды дәріптеу жолында жасалған айтулы іс-шара екені анық.

Тарих, археология және этнология факультеті