Жаңалықтар

«Ана тілге құрмет» 

№17 студенттер үйінде Тілдер мерекесі аясында шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы мен «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубының ұйымдастыруымен «Ана тілге құрмет» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Кеш барысында клуб төрағасы, жас ақын Е.Дүйсенов бастаған жоғары курс ақындары ана тілі тақырыбында өлең жолдарын оқып, кіл жүйріктер жырдан шашу шашты.

Нұрила Мырзабек, Алма Кенжеқожаева сынды біртоп білімгерлер студенттер арасында жүргізілген «Ана тілдің мерейін арттыру үшін мен не істей аламын?» атты сауалнама қорытындысын хабарлап, шара барысында қысқаша талдау жүргізді. Кешке кафедра меңгерушісі Д.Қарағойшиева, аға эдвайзер Э.Бектұровалар атсалысып, ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Өз кезегінде шараны түйіндеген «Көкжиек» клубының ғылыми жетекшісі, доцент Л.Мұсалы студенттерді тілді ардақтауға шақырып, қашанда «ана тілге құрмет – өз ұлтымызға құрмет» екендігін айрықша атап өтті.

  

Әліпбидің бірегей форматына көшу

16.10.2017

Көрулер: 675

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде әліпбидің бірегей форматына көшу жайы талқыланды. Дөңгелек үстелге филологтар мен лингвист ғалымдар, қоғам өкілдері, университет белсенділері, оқытушылар мен студенттер қатысып, тақырып төңірегінде пікір алмасып, ойларын ортаға салды. 

Шараның негізгі тақырыбы Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар. Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында ұсынған рухани жаңғыру үдерісінің маңызды бөлігі ретінде қазақ тілін жаңғырту болып табылады. Сондай-ақ шарада латын тілін кезең-кезеңмен енгізу үшін методикалық базаны қамтамасыз етуде және қажетті кадрлар дайындау үрдісіндегі университеттердің рөлі талқыланды.  

Алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының кандидаты Съезд Ақымбек жаңа әліпбиге көшуді іске асырудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Баяндамасында ол «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына бірден-бір мүмкіндік. Ғаламда 12 мемлекет кириллица жазуын пайдаланса, қалған көпшілігі латын әліпбиін пайдаланады. Демек, бұл бізді күллі әлем тануына жол ашса, екіншіден, әр елдің түкпір-түкпіріндегі қандастарымызбен байланысымыз арта түспек», - деп пікір білдірді. С.Ақымбектің сөзінше, шеттегі бауырларымыздың ғана емес, бір жүйе қалыптастыра отырып біз түбі бір түркі халықтарының басын біріктіреміз. Өз ретінде олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтудің маңызы зор.

Сөйлеген сөзінде Бостандық ауданы бойынша Ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекжан Сәрсенбай «Бұл бастама саналы түрде жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылған жоба, еліміздің болашағы үшін жасалған тың қадам», - деп атап өтті. Латын әліпбиіне көшу өркениетті елдердің қатарына қосылып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуде, сонымен қатар қазақ тілінің мәртебесін көтеруде рөлінің басымдығын алға тартады ол. Аталмыш әліпбидің қазақ тілін компьютер мен ғаламторға бейімдеуде, жалпы халықаралық ақпарат кеңістігіне шығаруда да көмегі мол. Осы орайда мамандар «Абай жолы» романын үш секундта латын қарпіне түсіруді ойластырғандығын атап өткеніміз жөн. 

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тіл тазалығы мәселесін де алға қойды. «Латын әліпбиі тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауда пайдасы зор. Қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаруы уақыт пен қаржыны үнемдей түседі», -дейді журналистика факультетінің бірқатар студенттері. Онымен қоса қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталуында артық кірме сөздерден арылтуға ықпалын тигізсе керек.

Латын әліпбиіне көшу жүйесін жазуды реформалау деп түсіну қажет. Сонда ғана тіл жаңғырады, жаңарады. Ал тілдің жаңаруы рухани жаңғыруға алып келеді.

Баспасөз қызметі


 

 

 

Ұрпақтары ұлықтады

«Қазақ халқы қашанда дарындарға кенде емес. Ел ішінде ғалым да, ойшыл да, кемеңгер де, өнерпаз да жеткілікті. Алайда, ғалым көп те, қайраткер аз. Талантты көп те, тұлға аз. Қашанда асылдардың аз болатыны, сирек кездесетіні табиғи заңдылық емес пе?! Тұрсынбек Кәкішұлы – осындай санаулылар санатындағы асыл тұлғалардың бірі де бірегейі деп ойлаймын», - деп жазған болатын ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов әдебиет сыншысы туралы естелігінде. Исі қазаққа ғана емес, алты алашқа Тұрсынбек Кәкішұлының есімі етене таныс. Әдебиет майдангерінің мерейін еселеп, ұлықтау қазаққа қашанда парыз.

Қарашаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті əдебиетші ғалым, Қазақстан Жазушылар Одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, "Парасат" орденінің иегері, Қазақ елінің еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығы аталып өтті. 

Белгілі ғалымды еске алуға арналған шара филология және әлем тілдері факультетінде Тұрсынбек Кәкішев атындағы дәрісхананың ашылуынан басталды. Салтанатты рәсімде алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин «Бүгінгі 90 жылдықтың ұлы жиыны студенттердің дәріс алатын, болашағын анықтайтын, халықтың, елдің тарихын таразыға салатын ең алғашқы дәрісхана дейтін киелі бөлме болатын. Сол бөлменің бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрсекеңнін атына берілуі біздер үшін, замандастары үшін, шәкірттері үшін ерекше қуанышты, тарихи жағдай болып отыр», - деп жүрекжарды ниетін жеткізді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдісаттар Дербісәлі ғалымның азаматтық және қайраткерлік қызметіне деген ерекше құрметін жеткізіп, ақжарма тілегін айтты.

Әдебиетші ғалымдар, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан айтулы шара «Профессор Т.Кәкішұлы және әдебиет тарихының өзекті мәселелері» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

Алқалы жиынды ашқан ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев университет өмірінде ұлттың ұлы перзентінің алар орнын айшықтап өтті. Сөйлеген сөзінде Мұхамбетқали Мырзабайұлы «Ғалымның сексен бес жасқа толу мерейтойына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Өнегелі өмір» сериясымен кітап жарық көрген. Университетіміздің осы сериясына арқау болатын тұлғалар қатарына ғылыми жұртшылық тарапынан мойындалған, іргелі ғылыми жетістіктерге жеткен ірі ғалымдар ғана іріктелініп алынатынын ескерсек, Тұрсынбек Кәкішұлы осы топтың алдыңғы легінде тұр», - деді.

Ғалым ҚазҰУ қабырғасында өмірінің соңына дейін табан аудармай қызмет етіп, қаншама шәкірт тәрбиеледі, ғылыми нәтижелерін қолданысқа енгізді. 1990 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасын ұйымдастырып, оған өзі жетекшілік етті. Филология факультетіне ол енгізген «Қазақ әдебиеті сыны» пәні еліміздің бүкіл жоғары оқу орындарының тіл-әдебиет мамандығы бойынша барша студенттерің оқитын пәніне айналды. Ұлттық сын өнерінің жанрлық қалыптасуында  Т. Кәкішевтің орны биік, классикалық деңгейге көтерілуінде төккен тері, еткен еңбегі мол. Қазақ әдебиетінде өзінше өрнек салған ғалымның ғылымдағы ғұмыры да өнегелі өмірмен өрілген. Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлдың баяндауынша, қазақ қоғамының әдеби-мәдени даму үдерісінде әдебиетшінің болмысы бөлек.

Т. Кәкішев аз ғана жыл ішінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасы жанынан «Қазақ фольклоры және әдебиет тарихы» ғылыми лабораториясын құрып, оның құрамды бір бөлігі «Қазақ диаспорасының рухани әлемі» тобы шет елдегі қазақтардың фольклорлық, этнографиялық, музыкалық, материалдық байлықтарын зерттей бастады. Ол Монғолия мен Ирандағы қазақ диаспораларына барған экспедицияларды басқарып, «Монғолия қазақтары» деген жинақты Дүниежүзілік қазақ қауымдастығына басып шығаруға ұсынған бірден-бір адам. Әдебиетшінің шетел қазақтарына деген ерекше ілтипаты пен қамқорлығын Түркиядан арнайы келген түркі жұртына белгілі ғалым Әбдіуақап Қара тілге тиек етті. Оның айтуы бойынша Т. Кәкішевтің адамгершілігі мен кісілігі, адалдығы мен адамдығы бір төбе болса, ұлтын сүйер ұрпақ, саналы шәкірт тәрбиелеудегі жолы өзгеше.

Әбдуақап Қара ғалым жайлы естеліктен сыр шертіп, «Оның «сіз шәкірттеріңізді қалай таңдайсыз?» деген сұрағына, «мен 60-70-ке оқыған тентек балаларды ұнатамын» деп жауап бергендігін жеткізді. «Өйткені, олар өмірдің қиындықтарын көрген, өмірге бейімделген болады. Ғылым зеректілікпен қатар сабырлылықты, төзімділікті де қажет етеді», -деп айтқан екен Тұрсынбек Кәкішев.

Талантты тұлғаның ұстаздығы-шәкірттерінде қалды. Ол кісінің тәрбиелеп өсірген шәкірттерінің біразы – ғалым, ұстаз, алды Алаш ақсақалдары атанып отыр. Әйтсе де, Тұрсынбек Кәкішевтің адамдық тұлғасының орны толмайды! Ал оның «Ізгілік, дархандық, адамдық  асыл қасиеттері − бір кітап» деседі жиналған қауым.

Баспасөз қызметі