«KITAР FEST – 2018» Халықаралық кітап фестивалі

08.09.2018

Көрулер: 3192

8-қыркүйекте Алматы қаласында қала әкімдігі мен «BAURZHAN Foundation»  қоғамдық қайырымдылық қорының мұрындық болуымен «KITAР FEST – 2018» Халықаралық кітап фестивалі өтті.

 Жылда өткізілетін осы мереке биыл 5-рет ұйымдастырылуда. Бастапқыда кішігірім кітап алмасу ретінде басталған бұл көрменің қазір өздеріңіз де көріп тұрғандай, ауқымы кеңеюде. Биыл тек кітап алмасу ғана емес, кітап жәрмеңкесі де өтті. Оған 30-дан астам кітап дүкендері мен кітап баспалары өздерінің кітаптарын  қала тұрғындарына ұсынылды.

 Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсаты — қазақстандық жазушылар мен баспагерлерді қолдау, қала тұрғындарының кітапқа деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын ояту, адамдар арасында кітап оқу мәдениетін дамытып, отандық жазушылар мен оқырмандардың басын қосу. 

 Фестиваль өткізілетін орында бірнеше шатыр тігілген. Олардың әрқайсысында өзіндік шаралар өтуде. Мәселен, жазушыларға арналған шатырда қазақстандық баспаларымыз, атап айтқанда, «Аспандау», «Аруна», «Атамұра», «Қазақ энциклопедиясы», «Қазақ университеті» өздерінің 2017-2018 жылдары жарық көрген кітаптарымен таныстырды.

 Онда Арман Әлмембет, Алмаз Шарман, Наталья Махно, Хаким Булибеков, Олег Червинский сынды жазушылар сөз алып, оқырмандар сұрағына жауап берді. Сонымен қатар, блогерлер шатырында Айдос Сарым, Диана Снегина, Айна Досмахамбетқызы, Марина Шарипова, Айсана Әшім сияқты елімізге танымал қоғам қайраткерлері, журналистер, блогерлер оқырмандармен кітапқа байланысты қызықты ойларын бөлісті.