Әл-Фараби мұражайы

Әл-Фараби музейі

Әл-Фараби музейіҚазақ ұлттық университетіне 1991 жылы есімі берілген Ұлы ғұлама бабамыз әл-Фарабидің рухани мұраларына арналған.

Бұл музей 2013 жылдың 13 сәуір күні университетіміздің Ғылыми кітапханасымен бірге салтанатты түрде өз есігін барша қауымға айқара ашты. Музейдің негізгі мазмұндық құрылымы – диорамдық кешендері мен жаймасөрелері тақырыптық экспозицияларға бөлінген. Олар: «Көне Отырар – естеліктер қазынасы. Әл-Фарабидің жастық шағы»; «Ұлы Жібек Жолы бойымен»; «Әл-Фараби. Шығыс пен Батыс сұхбаты»; «Әл-Фараби еңбектері – адамзаттың асыл қазынасы. Әл-Фараби және түркі әлемінің ойшылдары»; «Әл-Фарабидің рухани мұрасы және қазіргі Қазақстан».

Экспозициялық көрсетілімде данышпан мұралары – философиялық трактаттар, фарабитанушылардың құнды зерттеулері, Отырар елді мекенінен табылған тарихи артефактар, деректер, конференция материалдары және әлемнің ең ірі кітапханалары мен музейлерінен әкелінген баға жетпес жәдігерлер қойылған.

Музей – жастардың бойында рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, ұлы бабамыздың мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа сүйіспеншілікпен жеткізуде және насихат жұмыстарын жүргізуде маңызды жұмыстар атқаруда.

Көне Отырар – естеліктер қазынасы. Әл-Фарабидің жастық шағы

Бұл бөлімнің диарамасы мен витриналары – керуен жолдарының торабында орналасқан, ортағасырлық Отырардың қайталанбас атмосферасын ашық және шынайы түрде бейнелейді. Мұнда түрлі мәдениеттер мен діндердің араласуы, Отырар кітапханасы мен мұсылман медреселеріндегі дарынды жастар данышпан ұстаздарының басшылығымен рухани білім мен ғылымға сусындады. Жас кезінде әл-Фараби араб елдеріне кетпестен бұрын, әлем әдебиетінің жауһарларымен Отырар кітапханасында танысуға мүмкіндік алады. Түркі кезеңіне қатысты сол уақыттағы құрал-жабдықтар, тұрмыс құралдары, кітапхананың бай қоры, тағы да басқа сол дәуірдің тыныс-тіршілігі көркем-образды түрде бейнеленеді. Сол уақыттың шынайы бейнесін беру мақсатында витриналарда Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінен алынған X-XII ғасырға жататын тарихи жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ музей қызметкерлері экспедиция кезінде Түркістан қаласынан сыйға алған экспонаттармен толықтырылған.

Ұлы Жібек Жолы бойымен

Бұл бөлімде Әбу Насыр әл-Фарабидің Шығыс пен Батыс мәдениетін ғасырлар бойы жалғастырушы, әлемдік өркениет тарихындағы маңызды жетістігі туралы жарқын түрде айтылатын болады. Ұлы Жібек Жолы Орта Азия, соның ішінде, Қазақстан территориясы арқылы да өткен. Керуен жолдарының бойында Отырар, Түркістан секілді бай қалалар, сауда-қолөнер орталықтары, керуен-сарайлар пайда болды. Қытайдан жібек артқан, Үндістанның, Иранның күміс әшекейлі заттарын, Византия маталарын, керамикасын және көптеген тауар артқан керуендер сайын даланы басып өтті. Аңыз бойынша, әл-Фараби осы керуендермен саяхаттау барысында әлем халықтарының дәстүрлерін танумен болды делінеді. Витриналарда – Ұлы Жібек Жолына қатысты түрлі кітаптар, бұйымдар, фотосуреттер т.б. орналасқан.

Әл-Фараби. Шығыс пен Батыс сұхбаты

Бұл бөлімнің диарамалары мен витриналарында Шығыс пен Батыс философиясының бірігуіндегі ойшылдың ерекше орны образды түрде бейнеленеді. Әл-Фараби өзі ұстаз санаған Платон, Аристотель ілімдерін оқып-үйреніп, Антика философиясын дамытты, жаңа ғылыми теориялар мен философиялық доктриналар тудырды. Бұл бөлімнің экспозициясында көне грек философиясына қатысты материалдар, әсіресе, Фараби философиясының қалыптасуына үлкен ықпал еткен Аристотельдің ғылыми көзқарастары, метафизикасы мен логикасы үлкен мәнге ие болмақ.

Әл-Фарабидің еңбектері Ибн Сина, Ибн Бадж, Ибн Туфейл, Ибн Рушд секілді ізбасарларына және Шығыстың басқа да философтарына үлкен ықпалын тигізді. Ибн Халликанның айтуынша әл-Фараби «егер мен Аристотель заманында өмір сүрсем, мен оның ең үздік шәкірті болар едім» деген екен мыс.

Шығыс пен Батыс арасындағы диалогтың ең бір жақын көрінісі Қайта өрлеу дәуірі болды. Осы кезеңде Еуропа әл-Фарабидің арқасында классикалық көне грек философиясымен қайта қауышты. Антика философиясы мұсылман әлемінің философтары: әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд және т.б. арқасында жүйеленіп, Еуропа ғалымдары – Р.Бэкон, Д.Скот, Б.Спиноза т.б. қолданды. Сонымен бірге, Фараби еңбектері мен аудармаларының арқасында Еуропа мәдениеті шығыс ойшылдарымен де танысты.

Әл-Фараби еңбектері – адамзаттың асыл қазынасы. Әл-Фараби және түркі әлемінің ойшылдары

Фарабидің жаратылыстану мен гуманитарлы ғылымдардың әр саласындағы теңдессіз еңбектеріне арналған. Ғалым-философ-энциклопедист – көптеген тілдерді меңгеріп, алғашқы нота мен музыка теориясына қатысты маңызды еңбек жазды.

Терең білім мен ғұламалық оны «Екінші Ұстаз» атандырды. Ол философия, логика, саясат, этика, музыка және астрономия саласынан терең білімді болды. Ұрпақтарына бай мұрасын – 200-ге жуық трактаттар қалдырды. XII ғасырдан бастап XVI ғасырға дейін оның еңбектері – «Ғылымдардың жүйеленуі», «Ақылдың мағынасы», «Сұрақтар негізі», Аристотельдің «Физикасы» мен «Поэтикасына» жазған түсіндірмелері, «Бақытқа жол», логикаға қатысты еңбектері латынға аударылды. Әл-Фарабидің кейбір трактаттары бізге тек латын аудармалары арқылы ғана жетті, араб мәтіндері сақталмаған. Витриналарда «Музыканың Үлкен кітабы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» секілді атақты шығармалардың араб, қазақ тіліндегі баспалары, ғылыми трактаттары, әл-Фараби мұраларын зерттеуші ғалымдардың кітаптары қойылады.

Бұл бөлімнің экспозициясы, біздің ұлы бабаларымыз – түркі әлемінің атақты ойшылдарымен: Тоны Көк, Білге қаған, Қорқыт, Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари, Ахмет Яссауи, Асан Қайғы және басқа да түркі ойшылдарының еңбектерімен байытыла түседі. Орталық Азиядағы түркі халықтарының бай мұрасын көрсету, Ұлы даланы жарыққа бөлеген ағартушылық ой осы бөлім композициясының негізгі идеясын құрайды.

Әл-Фарабидің рухани мұрасы және қазіргі Қазақстан

Бұл бөлім экспозициялардың логикалық қорытындылануы болып табылады және бүгінгі Қазақстанның әлеуметтік-мәдени жаңаруына қатысты құжаттар, рухани және ғылыми-танымдық саладағы дамуы, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жасалынып жатқан шаралар көрсетіледі. Мұнда Қазақстандағы фарабитану саласының бүгінгі жай-күйі жайындағы материалдар қойылған. «Ойшыл дүниетанымы қазіргі жастар көзімен», «XXI ғасыр – атақты ұстаздың ұрпақтары» деген идеялық негіздегі студенттердің ғылыми жұмыстары мен рефераттары ұрпақтар сабақтастығын, жастардың әл-Фараби мен басқа да қазақ ойшылдарының мұраларына деген қызығушылықтарын оятады. Витриналарда Қазақстандық белгілі фарабитанушы ғалымдарының – Ақжан Машани, А.Х.Қасымжанов, Ә.Дербісәлі, Қ.Б.Жарықбаев, А.Көбесов және т.б. еңбектері, философия және саясаттану факультетінің, әл-Фараби ғылыми орталығының, белгілі тарихшылар мен шығыстанушылардың, жас ғалымдардың еңбектері, университетіміздің PhD докторанттар мен магистранттарының зерттеу жұмыстары, философтың шығармашылығына арналған конференция материалдары, фарабитануға қатысты жарыққа шыққан жаңа кітаптар мен «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша шыққан аудармалары қойылған.

Диарамалар витриналармен бірге дөңгелек композиция түрінде орналасады. Ортада – қымбат тастан қашалған адамзат білімінің өмірлік қайнар көзін сипаттайтын қондырғы орналасады. Бұл – Адам қолындағы Кітаптың адам жаны мен ақыл-ойына деген ықпалы образды түрде бейнеленеді. Барлық уақытта барша халықтарда, әсіресе, Шығыста, ол – Ақыл, Әлемді ғылыми тануды, ұрпақтар сабақтастығын білдіретін символикалық мәнге ие. «Ғалымның артында оның кітаптары, шынайы шәкірттері, ғылыми жазбалары қалады...», - деген екен Отырардан шыққан ұлы Ұстаз.