Университет туралы

Қазақ мемлекеттік университетінің ашылуы өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қиыншылықтармен тұспа-тұс келді. Индустрияландыру жылдары өнеркәсіп қауырт қарқынмен дамыды. Күшті қарқынмен өркендеген өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына мамандар қажет болды. 1928 жылы Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны ашылған болатын. Университет әлемдік стандартқа сәйкес білім беруі тиіс еді. Ол жылдары Қазақстан терең білімді оқытушыларға зәру болатын. Сол үшін жоғары оқу орны құрыла салып, педагогикалық институтқа айналды.  

Бес жыл өткен соң, 1933 жылдың 20 қазанында ССР Одағының Халық комиссарлар кеңесінің «Қазақстан үшін мамандар даярлау және Қазақ мемлекеттік университетін ашу туралы» №2293 қаулысы қабылданды. Педагогикалық институт негізінде Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік университеті - ҚазМУ ашылған болатын. 1934 жылдың 15 қаңтарында университет ресми ашылды.

Нәтижесінде 1934 жылдың 15 қаңтарында оқытушы-профессорлар құрамы туралы және алғашқы 54 студентті физика-математика және биология факультеттеріне қабылдауға бұйрық қабылданды. Университет отандық ғылымды, техниканы, мәдениет пен жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қоса отырып, үлкен де күрделі жолдан өтті.

Отызыншы жылдардың соңына қарай тағы үш факультет ашылды (химия, шет тілдер және филология). Қазақ жастарына арналған дайындық бөлімдері ашылып, мамандықтар аумағы кеңейді. 1938 жылы аспирантураның ашылуы мен кандидаттық дәреже және доцент атақтарын тағайындайтын Ғылыми кеңестің құрылуы ҚазМУ-дың даму бағдарындағы маңызды оқиға болды. Бұл жаңалық отандық ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға септігін тигізді. Осы күрделі кезеңдерде басшылықта болған тұңғыш директор Федор Трофимович Оликов өзін жоғары мектептің талантты ұйымдастырушысы ретінде танытты.

1940-1947 жылдар Қазақ мемлекеттік университетінің тарихындағы ең қиын жылдар болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қысқартылған бағдарламаларға көшуге тура келді. Ең алдымен майдан үшін мейірбикелер, дәрігерлер, радист-операторлар, рентгенологтар, аудармашылар және басқа да мамандар даярлау қажет болды.

Соғыс өте ауыр сын болды, бірақ университеттің бүкіл ұжымы бұл сыннан абыроймен өтті. Еліміздің басына түскен ауыртпалыққа қарамастан, университет жұмысын бір сәт тоқтатқан емес.

Университеттен фронтқа 287 оқытушы мен студенттер кеткен болатын. Майданға кеткен оқытушылар мен студенттердің көбісі оралмады. Университеттің оқытушылары мен студенттері Ұлы Отан соғысының майданында ерлікпен шайқасты. Ерлігі мен қаһармандығы үшін білім ордасының білімгерлері мен қызметкерлері ордендермен және медальдармен марапатталды. Ал университет түлегі Александр Поповқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыс жылдары ҚазМУ-ға Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның үздік ғылыми-зерттеу институттары және зертханалары орналастырылды. Сондай-ақ бұл үдерістің оң жағы да болды. Жетекші ғылыми мектептерді басқаратын академиктер және көрнекті ғылым докторлары келді. Зерттеулер ауқымы кеңейді.

Университетте атақты ғалымдар мен академиктер И.И.Мещанинов, Н.С.Акулов, СССР ҒА корреспондент-мүшелері В.А.Догель, А.В.Думанский, профессорлар А.Михлин, М.А.Розенбсрг, Н.Пакуль жұмыс істей бастады. Мәселен, химия факультетінде көптеген техникалық мекеме мен әскери бөлімшелердің кеңес беру орталығы болған әскери химияның ғылыми мектебі дамыды.

Сондай-ақ осынау күрделі кезеңде астрономия, физика, тарих, тіл білімі бойынша қазақстандық ғылыми мектептер негізі қаланды. Сұрапыл соғыстан соң факультеттердің саны артты, аспирантураға қабылдау саны өсті. Жаңа оқу ғимараттары салынып, биостанса, биологиялық мұражай құрылды. ҚазМУ республиканың экономика және қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласына білікті кадрлар даярлайтын жетекші орталыққа айналды.

Соғыстан кейінгі жылдары университеттің материалдық-техникалық, интеллектуалды базасы жақсарды. Факультеттер саны және аспирантураға түсушілер артты. Орталық ЖОО-лармен және ҒЗИ-мен байланыс нығая түсті. Жаңа ғимараттар салынып, биологиялық музей ашылды. ҚазМУ-дың қоғамдық-саяси мәртебесі көтеріліп, 1943-1944 оқу жылында бірінші санаттағы жоғары оқу орнына айналды. Ол кезде университетте 44 профессор, ғылым докторлары және 22 ғылым кандидаты жұмыс істеді. Соғыс аяқталғаннан кейін, студенттер контингенті өсті. Университетте 1946 жылы 977 білім алушы болды. Бес факультетте және 27 кафедрада 14 мамандық бойынша мамандар даярланды.

1948-1953 жылдар аралығындағы оқытушы-профессорлар ұжымының негізі қаланды. Кафедраларды ғылым докторлары мен профессорлар А.Б.Бектуров; С.К.Кеңесбаев; С.Н.Покровский; К.П.Персидский және тағы басқалар басқарды. Дәрісті М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сынды академиктер мен Кеңес Одағының атақты ғалымдары оқыды.

1953-1955 жылдар аралығындағы университет тарихы

Асқар Закарияұлы Закариннің ректорлығы ҚазҰУ тарихындағы ең керемет сәттердің бірі. А.Закарин тағдыры Қазақ ұлттық университетінің өсу, толысу жылдарымен терең тамырлас. 1953 және 1961 жылдары ол еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орнында басшылық етті. Ректор бұл лауазымды халыққа қызмет етудің өзгеше абыройлы жолы, жемісін асықпай беретін аса жауапты тапсырма деп қабылдады. Республикадағы жалғыз университет жаңа ғимараттарға, кітапханалар мен кафедраларға мұқтаж еді. Алматы қаласының тау етегінде ең керемет жерлердің бірінде ҚазҰУ орналасқан. Кешікпей студенттер қалашығы бой көтере бастады. Жаңа оқу ғимараттар мен Студенттер үйі салына бастады. Университет тізгінін ұстаған А.З. Закарин ғылымды дамыту мен оқу ісін ұйымдастыруда одақ көлеміндегі жаңа үрдістерге ден қоюға, сан алуан бағыттағы күрделі ізденістердің тиянақты нәтижелеріне басым түрде назар аударды. А.Закарин гидробиология, ихтиология, метеорология, жоғары математика, орыс филологиясы, қатты денелер физикасы және т.б. жаңа кафедралардың, жоғары оқу орындары үшін біліктілікті арттыру факультет, философиялық-экономикалық факультеті, студенттердің М.О. Әуезов атындағы әдеби бірлестігі мен «Жеті муза» қоғамының ашылуына мұрындық болды. Математика факультеті негізінде республикадағы тұңғыш есептеу орталығы құрылды. Урал-2, Урал-11 машиналары төңірегінде болашақ бағдарламашылар мен есептеу мамандарының жаңа толқыны өсіп шықты.

Ғылыми мектеп, соңынан ілескен көптеген шәкірттері, отандық білім беру ісіндегі инновациялар, жоғары оқу орны ғылымы арасындағы халықаралық байланыстарды дамыту, студенттік қалашықты салу идеясы, механика-математикалық факультетінің жаңа ғимаратының құрылысы, бұл - Асқар Закариннің ел тарихында алтын әріптермен басылған істерінің тек шамалысы.  Ғалымды соңынан қалдырған еңбектеріне, ұстазды шәкірттеріне, ал ұйымдастырушыны жасаған істеріне қарай бағалайды. Асқар Закариннің тікелей қатысуымен жасалған еліміздің білім беру жүйесі өзінің өміршеңдігін, жаңашылдығын және даму қабілеттілігін дәлелдеді.

А.Закарин жариялаған кітаптардың қатарында “Қазақ КСР-і Жеті жылдық жайлы әңгіме”, “С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті”, “Тамаша математиктер өмірінен”, “Геометрия негіздері”, “Қазіргі геометриядағы негізгі идеялар туралы” тәрізді т.б. еңбектер бар.

Мемлекеттік тұрғыда Асқар Закариннің іскерлік қасиеті өте бағаланды. 1955 жылы ол Қазақстанның оқу-ағарту министрі, 1958 жылы ҚазКСР шетел ісі министрлігі және Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойына орай механика-математика факультетінде Асқар Закарияұлы Закаринді еске алу кеші өтті.

1961-1970 жылдар аралығындағы университет тарихындағы кезеңдерде ғылым мен техникада даму байқалды. Қазақстан жерінде Байқоңыр ғарыш алаңынан тарихта тұңғыш рет Ю.А.Гагарин ғарышқа ұшқан болатын.

Енді университет оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, ЖОО-ның әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа заманға сай жабдықтауды және халықаралық білім жүйесімен байланысты нығайту міндеттерін орындай бастады. Жаңа ғимараттар мен жатақханалар салына бастады. Механика-математика факультетінде Республика бойынша алғашқы есептеу орталығы ашылды.

Ғылым мен білімнің қайнар көзі, жастардың тұлғалық дамуының ордасы, асқақтық пен ұлылық белгісі, мемлекетімізде кадрларды дайындаудағы негізгі көшбасшысы, білім капиталының сарқылмас кені ҚазМУ университеті - студенттерге барлық мүмкіндіктерді қатамасыз ететін арнай кешенге айналды.

1970-1986 жылдар аралығындағы университетті белді қоғам қайраткері, академик Ө.А.Жолдасбеков басқарды. Университеттің керемет студенттер қалашығы құрылысының бірінші кезеңі басталып, ғылым мен білімнің жаңа дәстүрлері туындап, дамып, нығая түсті. Университет студенттері де ғылым, өнер және спорт саласындағы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ол азаматтың беделі, қайрат-қажыры мен табандылығының арқасында университетке қалашық салу үшін тамаша жер және осы керемет жобаны жүзеге асыру үшін қаржы мен қаражат-күш бөлінді. Көптеген ірі жобалар жүзеге асырылды. Химия факультетінің жаңа оқу ғимараты қолданысқа берілді, ҚазМУ Агробиостанция жерінде орналасқан биофизика кафедрасы ғимаратының құрылысы аяқталды, Ядролық физика Институтында жаңа оқу ғимараты мен студенттерге арналған жатақхана салынды. Қызметкерлердің тұрғын үй мәселесі жақсарды: 70-ші жылдың аяғына қарай 400 пәтері бар алты тұрғын үй және балаларға арналған комбинат салынып бітті. Университеттің жаңа инфрақұрылымы қалыптастырылды. ҚазМУ қалашығын салуға атсалысқан «Главалматастрой» бас мердігеріне және О.М.Бейсенов, У.К.Қараманов, Е.К.Бейсебаев, Ю.К.Красиков, В.Р.Краснянск, А.Д.Ермегияев сынды   жетекшілерге айтар алғысымыз шексіз. Жаңа инфрақұрылыммен университет көптеген жетістіктерге жетті.

ҚазМУ Орталық Азия, Куба елдеріне мамандар даярлай бастады. 1975 жылы 114 елдің 700 жоғары оқу орны біріктірілген Халықаралық университеттер ассоциациясына қабылданды.

1986-1988 жылдар аралығында ашық экономика мен жаңа заманға сай әлеуметтік саласы бар жаңа мемлекет құру кезі еліміздің желтоқсан оқиғаларынан кейінгі саяси және экономикалық ауыспалы қиын кезең еді.

1988-1991 жылдар аралығындағы жылдары еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев «Қазақстан – 2030» Стратегиясын жариялаған болатын. Республикамыз экономикалық дағдарысқа төтеп бере алды. Еліміз саяси байланыстары мен ішкі дамуы, ұлттың рухани жаңғыруы мен әлемдік беделге ие болуы тұрғысында жаңа деңгейге ұмтылды.  Университет дамуының басты бағыттары анықталды. Ол – әлемдік білім беру жүйесіне дәйекті түрде жақындау, мамандарды даярлауда халықаралық стандарттарға көшу. Қазақ мемлекеттік университетінің аты мен мәртебесі өзгере бастады. 1991 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы философ, энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фараби аты берілді.

Елбасымыз тәуелсіздік алған бірінші күннен бастап, адамдық капиталды жақсарту, дамыту, сақтау мәселесін бірінші орынға қойды. 1992 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының алғашқы «Білім туралы Заңы» қабылданды. Ал 2000 жылы ҚР Елбасының «Мемлекеттік бағдарлама туралы «Білім» Жарлығы қабылданды. Және 1992 жылдың қаңтарында «Қазақстан Республикасының Ғылым және Мемлекеттiк ғылыми-техникалық саясат туралы» заңы, 1993 жылы Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Республиканың ғылымын ұйымдастыруды жетiлдiру мен ғылыми-техникалық әлеуетiн дамыту жөнiндегi шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Қабылданған заңдар мен жарлықтар білім мен ғылымның дамуына үлкен септігін тигізді.

1993 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті деп аталатын болды. Халықаралық білім беру талаптарына сәйкес кадрларды даярлау бойынша алғашқы қадам жасала бастады. Екі сатылы жоғары білім жүйесіне көшу «бакалавриат – магистратура» және университет ішінде ҒЗИ және технологиялар паркі ашыла бастады.

2001 - 2008 жж. аралығындағы еліміздің басынан талай қиыншылықтар өтсе де, университет әрқашанда әлемдегі өзгерістерге тез бейімделуге, білім беруде ең соңғы жаңашылдықтарды білім беру үдерісіне енгізуге тырысады. 2003 жылдың 16 қыркүйегінде Болонья (Италия) қаласында Қазақ Ұлттық Университеті университеттердің Ұлы хартиясына қол қойды. Сонымен қатар, Қазақстан және Орта Азия мемлекеттерінің ЖОО-лары арасынан алғашқы болып европалық білім беру кеңістігіне кірді.

2006 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар Қазақстанның жетекші классикалық университеті, жоғары кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымды инновациялық дамытудың ұлттық көшбасшысы, еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы бірінші Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының иегері.

Ғылыми мектептердің қызметі мен бағыттары кеңейе бастады. Жастарға дәрісті атақты ғалымдар мен педагогтар оқыды. Іргелі және қолданбалы математика, механика, химия, тарих, түркiтану саласындағы ғылыми мектептердің көбі әлемге таныла бастады.

Енді Қазақстанға әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті білікті мамандар қажет. Сол үшін, Елбасы Қазақ Ұлттық Университет алдына еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, экономиканың маңызды бағыттарының қарқынды даму мәселелерін шешуге бағытталған заманауи, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыруға мақсат қойды. Қазіргі таңда, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті - қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның экономикасының өсуіне, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауды белсенді жүзеге асырып отырған, ірі халықаралық деңгейдегі ғылым, білім ордасы, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ең озығы және беделдісі болып табылады. Елімізге халықаралық деңгейге сай, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алатын орны ерекше.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың берілген тапсырмаларына сәйкес, ҚазҰУ-дың жаңа 2009-2011 жылдарға арналған даму Стратегиясы қабылданды. Университет өзінің жан-жақты қызметін кең ауқымда жүргізіп, қарқынқынды дамып, жастардың бойында азаматтық, ұлтжандылық сезімдерін, ұрпақтар сабақтастығының дәстүрлі үрдісін қалыптастыруда зор еңбек етуде. Стратегия ЖОО қызметінің жан-жақты жүйелік көрінісіне, «сыртқы орта» - мемлекет, қоғам, еңбек нарығы, Қазақстанның ғылыми-инновациялық жүйесіне негізделген. Университеттің жаңа даму кезеңінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жаңа Академиялық саясаты іске асырылды, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет жүйесі жолға қойылып, оқу үдерісі автоматтандырылды. Жаңа жүйе барлық оқытушылар мен студенттерді қамтитын, оқу үдерісінің барлық кезеңінде көптеген параметрлерді күнделікті бақылауды қамтамасыз ететін, студенттерді оқуға ынталандыруға, олардың үлгерімі мен болашақ жұмыс орнында білімін тәжірибелік қолдану қызығушылығына ықпал ететін ірі ұжымдық желі болып табылады. Студенттің қазіргі оқып жүргендегі үлгерімі (шамамен 60%) емтихандағы бағаға қарағанда басымырақ. Расында да, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалға ешқандай дәлелдің қажеті жоқ, айқын қағида. Семестр бойы еңбектенбеген студент емтиханда жоғары баға алуы мүмкін емес. Ата-аналар баласының үлгерімін қашықтықтан жүйеге кіріп көре алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратын жаңа деңгейдегі жүйе.

Алғашқы Ph.D философия докторлары дайындалып шықты. ҚазҰУ халықаралық деңгейде кадрларды даярлауда Қазақстан мен ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып үшсатылы жүйеге көшті. 2008 жылдың қарашасында франциялық «Bureau Veritas certification» органының аккредитациясынан сәтті өтті. Жаһандық білім беру саласының талдауы негізінде, ҚазҰУ-ды зерттеу университетіне айналдыру ұсынысы түскен болатын. Әлемдегі ең жоғары топ-рейтингтерге енген оқу ордаларының бәрі де зерттеу университеттері болып табылады.

2010 жылдан бастап, ҚазҰУ мемлекеттiк саясаттың инновациялық дамытуын жүзеге асыру бойынша әлемдік деңгейдегі зерттеуші университетке айналу ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Пәнаралық байланысты қамтамасыз ету, инновациялық құралған ғылыми жобалаудың тиiмдiлiгiн жоғарылату, университетте қуатты зияткерлiк ортаны құруда корпоративтік ұжымды жұмылдыруды қамтамасыз ететін академиялық ұтқырлық белсенді дамып, мықты кафедралар мен ҒЗИ құрылып, дамып жатыр.

2011 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстандағы тұнғыш университет болып Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасы қабылданды, және белгілі әлемдік QS (Ұлыбритания) және Thomson Reuters (АҚШ) рейтинг агенттіктерінің нәтижелерінің қорытындысы болйынша Орталық Азия университеттері арасында бірінші болып ең танымал жоғары оқу орындарының қатарына енді. ТМД елдерінің жоғары оқу орындарының арасында бірінші даму жөніндегі идеологияны, ақпараттық және білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламалары тарату орталығы болып, ҚазҰУ Рио-де-Жанейро қаласында болған тұрақты даму жөніндегі ғаламдық саммитке қатысты. Президенттің «Жасыл көпір» жаһандық энергия дамыту стратегиясының идеяларына арналған арнайы бөлім арнап, біздің университет «Ұрпақтар арқылы жасыл көпір». атты халықаралық консорциум құруды қозғады.

2012 жылда болган Бали аралында өткен Халықаралық конференция-көрме Қазақ ұлттық университетінің тарихындағы басты оқиғасы болды. Себебі сонда университет QS Stars - «Үш жұлдыз» озық белгісімен марапатталды. Атап өтерлігі, ҚазҰУ Орталық Азиядағы бірінші университет болып «QS Жұлдыздарымен» марапатталды. Сондай-ақ, Еуропалық Одақтың жоғары дәрежедегі мамандары университеттің ғылым саласындағы үлкен жетістіктеріне жоғары баға берді.Халықаралық сараптама қорытындысы бойынша ҚазҰУ ғылыми, технологиялық және инновациялық дамуы Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында сөзсіз көшбасшы болып табылады.

2013 жылдың басында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Америка Құрама Штаттарының ең үздік университеттер кіретін «Tallores» халықаралық жоғары оқу орындарының қауымдастығының мүше болып қабылданданды. Әлемдегі университеттерінің вебсайттарын талдайтын, және деңгейін анықтайтын Вебометрикс халықаралық агенттігінің натижесіне сәйкес, біздің университет Орталық-Азиялық өңірдің жоғары оқу орындары арасында жетекші орынға ие болды. Біздің студенттер өз электронды каталогы бойыншаша «Алматы қаласының 100 үздік студенттері» жобасының көшбасшысы болды. Университет тарихындағы шешуші іс-шара болатын бірнеше келісімдерге ҚазҰУ мен «Кангнам Северанс» клиникасы және Корея Йонсей университеті арасында қол қойылып, ҚазҰУ және әлемге әйгілі компания арасындағы университеті медициналық және диагностикалық орталығын ашу туралы келісілді.

Өзінің 2014 мерейтой жылында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұлы ойшылы Әл-Фараби «ақылды қала» ілімі негізделген «Аl-Farabi university - smart city» атты бірегей ғылыми-зерттеу және инновациялық жобасы іске асырылып - жаңа университет қалыптастыруға бағытталған. Тұрақты дамуға бағытталған БҰҰ «Академиялық ықпал» жаһандық хаб бағдарламасына жетекші бола отырып ҚазҰУ ғылым және білім көшбасшылығын артырып 2014 жылы ұлттық рейтингте бірінші орынды иеленді, сондай-ақ ҚазҰУ халықаралық рейтингісінде, тек ТМД-емес, сондай-ақ Шығыс және Орталық Еуропа мемлекеттер арасындағы жекедара өкілі болды.
80 жылдығын тойлау ең есте қаларлық іс-шаралармен сәнденді, солардың бірі: Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысуымен университетінің мерейтойына арналған қалалық веложарыс; «Қариялар – алтын қазына» атты ғылыми-педагогикалық кадрларының ардагерлерінің құрмет рәсімі; бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің арасында марапаттау рәсімі, «ҚазҰУ - Қазақ элитасының ұстасы»; Болон үдерісі бойынша халықаралық конференция; Дөңгелек үстел «Университет - білімге негізделген экономика»; Жұмыс берушілер форумы «университеті - бизнес - қоғам: әріптестік тәжірибесі мен болашағы»; «интеллектуалдық ұлт бастап зияткерлік оқу үшін» ұранымен «AlmatyBookExpo» халықаралық кітап жәрмеңкесі, сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесулер өткізілді. Университет қызметкерлерін үлкен күш, ынтымақтастық, кәсібилік және ынта арқасында ҚазҰУ серпінді және сенімді дамып келеді!