Факультет туралы

   Факультетте 16 ғылым докторы, 47 ғылым кандидаты, 6 PhD докторы бар жоғары білікті оқытушы-профессорлар құрамы халықаралық қатынастар және әлемдік экономика, халықаралық құқық және  дипломатиялық аударма кафедраларында қызмет істейді.

   Факультет құрылған күннен бастап Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыста, сондай-ақ аталған министрлік халықаралық ұйымдар және мекемелермен бірлесе отырып, факультет студенттерінің кәсіби тәжірибеден өтуіне, одан әрі кәсіби қызметін жалғастыруына ықпал етеді.

 Факультет АҚШ, Алмания, Франция, Қытай,Үндістан, Корей Республикасының, сонымен қатар басқа да елдердің елшіліктерімен, халықаралық ұйымдармен (БҰҰ, ЕО, ЕҚЫҰ, НАТО) ғылыми зерттеу институттарымен (ҚСЗИ, МЭБИ) және орталықтарымен, шетелдік өкілдіктермен, мәдени орталықтар және қорлармен тығыз байланыста жұмыс істейді.

   Факультетте PhD докторлық бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінуде, осы бағдарлама шеңберінде университеттің қолдауымен жыл сайын АҚШ, Ұлыбритания, Алмания, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия және басқа да елдерден 20-ға тарта шетелдік профессорлар шақырылып отырады.     

  Біздің факультет түлектері жоғары сұранысқа ие, түлектеріміздің 30%-ға жуығы ҚР-ның Сыртқы істер министрлігінде және оның шет елдік өкілдіктерінде, 22%-ы мемлекеттік басқару органдарында (Президент әкімшілігі, Парламент және Үкімет органдары, Құқық қорғау жүйесі), 11%-ы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, шетелдік компаниялар мен халықаралық банктерде, 30%-ы жекеменшік компанияларда қызмет істейді.

  Факультет өз дамуының негізгі бағыттарын білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды көптеп тарту және қолдану, екі жақты байланыстарды кеңейту арқылы барынша жоғары білікті халықаралық мамандар дайындауды мақсат ете отырып анықтайды.