Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайы – Қа­зақ­станда және әлемдік деңгейде бәсекеге қабі­летті, өз елінің мәдени-тарихи құндылықтарын бойына сіңірген, рухы мықты жанашыры - өнегелі мамандарын тәрбиелейтін университеттің ғылыми-ақпараттық, танымдық, тәрбиелік бө­лім­­шесі. Негізгі мақсаты – халқымыздың бай мәдени, рухани мұрасын сақтау мен насихаттау, білім мен ғылым саласында жеткен жетістіктерін дәріптеу болып табылады. Университет мұражайы 1989 жылдан бастап жұмыс істейді. 20 жылдан кейін ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа мұражайдың ашылуы 2009 жылы 13 қазан айында университеттің 75-жылдық мерейтойына орай ашылған болатын. Мұражайдың аумағы – 1000 кв. м. Тарих галереясы, Даңқ залы, Университеттің тұрақты дамуы атты 3 залында университеттің құрылу тарихы 120 витриналарда жүйелі жинақталып, 5 мыңнан астам тарихи құнды және сирек кездесетін құжаттар мұражай экспонаттары ар­қылы көрсетілген.


Галереяның мағыналық тұжырымдамасы - Қа­зақстандағы білім мен ғылым дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын қарашаңырақ ҚазҰУ-дың тарихи кезеңдеріне шолу жасау. Әр­түрлі жылдардағы университет өмірі, беделді ғылыми мектептердің пайда болуы және дамуымен байланысты тарихи құжаттар, Ұлы ойшыл бабамыз әл-Фараби мұралары мен М.О. Әуезов, Қ.И. Сәтбаев, Т.Т. Тә­жібаев, Е.Б. Бекмаханов, К.П. Персидский, А.Б. Бек­тұров, Д.В. Сокольский, Т.Б. Дарқанбаев, А.Х. Қасымжанов т.б. көптеген тамаша ғұлама ғалымдар кірпішін қалаған ғылыми мектептерге арналған витриналар мұражайдың «алтын қазынасы».


Мұражай Атриумындағы бір кешен Шығыстың ғұлама ойшылы, Екінші ұстаз, фи­ло­соф Әбу Насыр әл-Фарабидің бай мұраларына арналса, екіншісі Тәуелсіз Қазақстанның өркендеу кезеңдеріне арналған.

Екінші зал "Даңқ залының" қабырғаларында - «Университет түлектері» фотогалереяларымен бірге, атақты Нобель сыйлығының лауреаттарымен тол­ты­рылған университеттің «Құрметті профес­сорлары мен докторлары» атты фотогалерея орын алған.


Факультеттердің, ғылыми-инновациялық зерттеу институт­тарының және орталықтардың бүгінгі тыныс-тіршіліктері мен жетіс­тіктері, болашағы туралы мәліметтерді "Университеттің тұрақты дамуы" залының көрмесінен тамашалауға болады. Ортада – заманауи білімнің әлемдік масштабын бейнелейтін «XXI ғасырдың Жершары» атты терең мағыналы композициялық қондырғы орнатылған. Универ­ситетті классикалық білім беру орнынан инновациялық зерттеу университетіне айналып, әлемдегі дамыған жоғары оқу орындарының қатарына қосу және тұ­рақты дамыту мақсатында университеттің соңғы жылдардағы жеткен толағай жетістіктерін паш ететін 3D-технология форматындағы жасалған жаңа экспозициялар көз қуантады.


2022 жыл - Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы аталып өтілді. Осы орайда ұлы қайраткердің немересі Айман Байсалова А.Байтұрсыновтың күйсандығын музей қорына арнайы тарту етті.


Музей аясында "Қырым аралы" ғылыми-реставрациялық зертханасының негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зергер Қырым Алтынбековтың Қазақстанның бірнеше мың археологиялық қалпына келтірілген олжаларынан жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Оның ішінде – Алтын адам", Сармат көсемі, "Тақсай ханшайымы", "Үржар ханшайымы", және т.б. ежелгі көшпенділердің атрибуттары қойылды. Бұл жұмыстардың жеке көрмесі әлемнің көптеген елдерінде - Қазақстанда, Ресейде, Австрияда, Бельгияда, Венгрияда, Кореяда, Қытайда, АҚШ-та, Түркияда және басқа да елдерде өтеді. Сонымен қатар Қазақстан сурет және сәулет өнерінің майталмандарының көрмелері жиі өтіп тұрады. 


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайы - қалалық ардагерлер кеңесінің «Ардагерлер ұйымының жұмысына белсенді қатысқаны үшін» Құрмет грамотасымен, Алматы қаласы Бостандық ауданы ардагерлер ұйымының "Жас ұрпақты адамгершілік-патриоттыққа тәрбиелеу жұмыстарына белсене қатысқаны үшін" Алғыс хатымен, Халықаралық мұражайтанушылар форумы аясында өткен «Музей - тарих пен бүгінгі күннің феномені» атты байқауының «Үздік жоғарғы оқу орнының мұражайы» атты Дипломымен, Қазақстандағы ардагерлер ұйымдарының құрылуының 25-жылдығына арналған ҚР әлеуметтік музейлері республикалық байқауының «Жоғарғы оқу орнының музейлері» номинациясы бойынша Құрмет дипломымен, «Музей ісіне қосқан үлесі үшін» «ИКОМ Қазақстан бойынша ең үздік музей» атты Құрмет дипломымен марапатталып, «Эстафета памяти: помним и чтим» байқауының жеңімпазы ретінде Құрмет грамотасы мен I-ші орын кубогының иегері атанып, «2015 жыл мұражайы» атанды.


 Мекен жайымыз: 

050040., Алматы қ, әл-Фараби даңғылы, 71,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, каб 2-3,

Тел. 8(727) 377-33-33, ішкі: 1359

ұялы тел.+77078232829  

 Жұмыс уақыты:  

9.00 -18.00 с.

(түскі үзіліс 13.00-14.00 с.)

Демалыс кундері:                                            

сенбі, жексенбі