БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің "құрметті доктор" атағы берілді

БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің "құрметті доктор" атағы берілді.

Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогы» аттыVсъезі және ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ бас хатшысыПан Ги Мунмен кездесуі аясында білім беру, ғылым, мәдениет пен тұрақты даму салаларындағы бастамаларды қолдауға бағытталған бірқатар маңызды шаралар өтті.

Астанадағы БҰҰ жаңа ғимаратын ашу салтанаты барысында БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құрметті докторы атағы берілді.Дипломмен марапаттау салтанатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов өткізді. Сондай-ақ ол бейбітшілік пен келісімге, БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастыққа қосқан сүбелі үлесі үшін құрметті қонақты Әл-Фараби Үлкен алтын медалімен марапаттап, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Достары» халықаралық клубының құрметті мүшесі сертификатын табыстады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұрақты даму бойынша UNAI жаһандық хабы ретінде ғылым мен білім беру саласы өкілдерін адамзаттың әлемдік мәселелерін шешу, экология мен қоршаған ортаны қорғау жолдарын іздестіру үдерісіне белсенді тартуда. Университет тұрақты даму идеяларын алға жылжыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде, энергияның альтернативті және жаңартылатын көздері бойынша зерттеу жүргізеді және жобалар дайындайды. ТМД университеттері ішінде жалғыз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бразилияда өткен БҰҰ-ның «РИО+20» жаһандық саммитінде арнайы секциясын ашқанын айтуымыз керек. Университет Елбасының «Энерго-экологиялық дамудың жаһандық стратегиясы» және «Жасыл көпір» бастамаларын қолдай отырып, «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» жобасын таныстырды. Биыл ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» (UNAI) бағдарламасы бойынша Жаһандық хабын басқарды. Осы жылдың мамыр айында ҚазҰУ VII Халықаралық Астана экономикалық форумы аясында Астана және Алматыда UNAI жаһандық хабының ірі жобаларының бірі – «Еуразиялық алуантүрлілік және қалыпты дамудағы университеттердің рөлі» атты III Халықаралық Азия университеттері ректорларының форумын өткізеді..