Түркі әлемі деректі фильмдерінің ІІ Халықаралық фестивалі

 

Алматыда Түркі дүниесі деректі фильмдері ІІ Халықаралық фестивалінің Қазақстандық бағдарламасы өтті. Шараны Түркі дүниесі Журналистер федерациясы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырды.

Келелі шараға Түркі дүниесі Журналистер федерациясы мен ORT телеарнасының президенті Мендерес Демир, фестиваль директоры Дюран Сахин (Mercan TV), Стамбұл қаласындағы муниципалитет мәдени жобаларының директоры Салих Доган (Түркия) және өзге де шетелдік құрметті қонақтар, кинотанушылар мен фильм авторлары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары және қоғам өкілдері, оқу орнының студенттері қатысты.

Ашылу салтанатында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Кинофестиваль форматы Ұлы Жібек жолының рухына толық сәйкес келеді. Жалпы түркі мұрасын сақтауға, ұлттық ерекшелікті дәріптеуге және түркітілдес мемлекеттердің шығармашылық интеграциясын нығайту ісіне арналған кинофестивальді өткізу біз үшін үлкен мәртебе» деп ізгі ниетін жеткізді. Сөйлеген сөзінде ол кинофестивальдің түркі әлемі елдерінің көп қырлы мәдени өмірінде маңызды рөлге ие екендігін атап өтті.

Алты елдің үздік оқу орындарының басын біріктіретін аталмыш шара Стамбұл университетінде бастау алған. Айтулы жоба түркі әлемінің туыстық және рухани байланысын нығайтып, халықтардың одан әрі жақындасуына зор ықпал етсе керек. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, жоба әлем үшін ізгілікті азаматтарды тәрбиелеудің рухани-адамгершілік және интеллектуалды-технологиялық қуатты алаңына айналып отыр.

Осы орайда қайырымдылық пен ізгілікті, мейірімділік пен адамгершілікті ту еткен ұлы ойшыл әбу Насыр әл-Фарабидың рухани және мәдени мұрасын ұлықтаудың маңызы айрықша. Салтанатты рәсімде әл-Фараби жайлы ҚазҰУ теле-радио кешені әзірлеген деректі фильмі көрсетілді. Атап өту керек, ғұлама ғалымның ізгілікті қала, қоғам туралы идеялары ҚазҰУ-дағы «Al-Farabi Smart Сity» атты бірегей ғылыми және инновациялық жобасының негізін құрауда.

Түркі дүниесі журналистер федерациясының президенті, ОRT TV президенті Мендерес Демирдің сөзінше, фестивальға осы жылы 23 елді мекеннен 150 жұмыс келіп түскен. Оның ішінде өзекті әлеуметтік, мәдени және қоғамдық маңызды тақырыптарға арналған 85 үздік фильм таңдалып алынды. Дауыс беру нәтижесінде жұмыстар кәсіби және студенттік жұмыс категориясы бойынша іріктелгендігін айта кету қажет. 

Озық шыққан үздік туындылар ҚазҰУ-дың «Керемет» СҚО кинотеатрында жастар назарына ұсынылды. Қазақстандық бағдарлама шеңберінде көрсетілген Қазақстан, Түркия, Түркменстан, Қырғызстан, Ресей (Башқұрстан мен Татарстан) деректі фильмдері көрермендерге шығармашылық серпін беріп, кемелдендіре түскендей.

Басылым күні :  04.11.2017