Кафедраның тарихы

КАФЕДРА ТАРИХЫ

ҚазҰУ Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы заң факультетінің екі кафедрасы - Табиғи ресурстар және экологиялық құқық кафедрасы мен Инвестициялық және қаржылық құқық кафедрасының бірігуі нәтижесінде құрылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ректоры Ғ.М. Мұтановтың бұйрығымен 2010 жылдың қыркүйегінде біріктірілді.

Табиғи ресурстар және табиғатты қорғау құқығы кафедрасы 1975 жылы құрылып, алғашында жер құқығы және табиғатты құқықтық қорғау кафедрасы деп аталды. Алғашқы меңгерушісі көрнекті ғалымдардың бірі – ауыл шаруашылығы құқығы саласының маманы, профессор Кемалхан Арыстанбекұлы Шайбеков болды. Оның тұсында кафедра заң факультетінің жеке бөлімшесі болып құрылып, кафедра мүшелерінің табиғи ресурстар және жер-құқық ғылымдары саласында ғылыми зерттеулері, колхоз және совхоз құқығы саласында алғашқы ізденістері жүргізіле бастады. Кафедра оқытушылары сол кезде заң ғылымдарының кандидаттары С.Б. Байсалов, С.Т. Күлтелеев, Л.В. Ильяшенко болды. 1977 жылдан бастап ҚазМУ-нің Табиғи ресурстар және экологиялық құқық кафедрасын Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген заңгері, қоғамдық және география ғылымдары саласындағы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың Лауреаты, жоғары мектептің Үздігі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Байсалұлы Байсалов басқарды. Оның ғылыми жетекшілігімен кафедра Қазақ КСР-нің негізгі экологиялық және аграрлық заңдарын әзірлеуге белсене қатысты. Оларға Жер, Су және Орман кодекстерінің жобаларын, «Ауылды, селоны және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басымдығы туралы», «Жер реформасы туралы», «Жер салығы туралы» және басқа да заңдарды жатқызуға болады. 90-жылдардың соңы мен жаңа ғасырдың басы кафедраның шығармашылық күштерінің жаңа өрлеуімен сипатталады. 90-жылдардың аяғынан бастап табиғи ресурстар және экологиялық құқық кафедрасы деп аталды. Мезгілсіз өмірден кеткен С.Б. Байсаловтың   орнына жаңа басшы – профессор, заң ғылымдарының докторы Д.Л. Байдейдинов болды.

2002 жылдың соңынан бастап кафедраны заң ғылымдарының докторы, профессор Еркінбаева Ләззат Қалымбекқызы басқарады. Бұл кезең оқу процесіне оқытудың жаңа технологиялары мен әдістерін белсенді енгізілуімен ерекшеленеді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инвестициялық және қаржылық құқық кафедрасы 1998 жылы Кеңестік құқық кафедрасының мұрагері ретінде құрылды. Кафедраның бастамашысы және бірінші басшысы Қазақстанның көрнекті заңгері, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Нәжметдин Баукейұлы Мұхитдинов болды. Н.Б. Мұхитдинов - Қазақстанның тау-кен құқығының негізін қалаушы, 100-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, оның 30-дан астамы Қазақстанның құқық ғылымының алтын қорын құрайды. Ол жақын және алыс шет елдерге кеңінен танымал болды, БҰҰ Экологиялық комиссиясының мүшесі болды. Кафедраның қалыптасуының басында профессор Г. Г. Доспулов, Т.Т. Күлтелеева, А.И. Худяков, С.П. Мороз және т.б. белгілі ғалымдар тұрды. Базалық қаржы-құқықтық пәндерді оқытудан басқа кафедрада посткеңестік кеңістікте алғаш рет оқу процесіне «Инвестициялық құқық», «Тау-кен құқығы», «Жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялардың құқықтық негіздері», «Сыртқы экономикалық қызметті құқықтық реттеу» сияқты нарықтық пәндер енгізілді. Бұл болашақта факультетте жаңа мамандықтардың ашылуына негіз болды. Қазақстан Республикасының Парламенті кафедра оқытушыларын еліміздің инвестициялық, банктік, салық заңнамасын әзірлеу үшін тартты. Көптеген оқытушылар-кафедра мүшелері мемлекеттік органдарға жұмысқа шақырылды және қазіргі уақытта Қазақстанның қаржы саласындағы мүдделерін қорғайды. Бірқатар оқытушылардың жетекшілігімен ел экономикасының салық, қаржы және банк секторы саласында жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдары құрылды. Жалпы алғанда, кафедра оқытушыларының қатысуымен 20-дан астам заңдар мен заңға тәуелді құқықтық актілер әзірленді, олардың ішінде бөліп көрсету қажет Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы ҚР Кодексін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексті, Бюджет Кодексін және т. б.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының қазіргі даму бағыттары.

Біріккен кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі болып заң ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Г. Лаптева тағайындалды, ол кафедраны 2011 жылға дейін басқарды. 2011 жылы кафедра меңгерушісі болып А.Е. Жатқанбаева тағайындалды. Қазіргі уақытта кафедрада 31 оқытушы жұмыс жасайды, оның ішінде 6 заң ғылымдарының докторы, 9 заң ғылымдарының кандидаты, 11 PhD докторы. Кафедраның ғылыми дәрежелілігі 85% құрайды. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының 5 иегері, «Болашақ» бағдарламасының 5 стипендиаттары, 18 мемлекеттік медаль мен грамоталардың иегерлері бар.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өмірінің барлық саласы, оның ішінде білім саласы да елеулі өзгерістерге ұшырады. Университетіміздің алға қойған мақсаттар контекстінде – экономиканың дамуын қамтамасыз ету үшін ғылым мен білімді біріктіретін әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінің біріне айналу – қазіргі уақытта кафедра тек құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызмет үшін ғана емес, сонымен қатар іскерлік орта және халықаралық қаржы ұйымдары үшін де кадрлар даярлауды қамтамасыз етеді.

Кафедра бакалавриат білім беру бағдарламаларын әзірлеп, дайындады және қамтмасыз етеді: Құқықтану, Кеден ісі, Қаржы құқығы. Магистратура аясында ғылыми кадрлар білім беру бағдарламалары бойынша: Құқықтану, Кеден ісі, Қаржы құқығы, Спорт құқығы, Экологиялық құқық, сондай-ақ қос диплом бағдарламасы бойынша: Теңіз және энергетика құқығы (Баку мемлекеттік университетімен бірлесіп, Әзірбайжан Республикасы) дайындалады. Кафедра докторантураның екі білім беру бағдарламасы бойынша ғылыми кадрларды дайындайды: Құқықтану және Кеден ісі. Университеттің алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге үлес қоса отырып, кафедра өзінің білім беру бағдарламалары бойынша тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін кадрлар даярлауға ұмтылады. Осылайша, ҚазҰУ Орталық Азиядағы бірінші университет болып Дүниежүзілік кеден ұйымының аккредитациясын және «Кеден» білім беру бағдарламасының халықаралық мойындалуын алды (2 сәуір, 2019 ж.). «6В04203-Кеден ісі» білім беру бағдарламасының халықаралық аккредитациясын растайтын ДКҰ сертификатын халықаралық ұйымға мүше 180 мемлекет мойындап, мамандық түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар, кафедрада «Теңіз және энергетикалық құқық» Баку мемлекеттік университетімен бірлесіп қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның түлектері Каспий маңы аймағының түрлі елдерінде сұранысқа ие. Кафедра кафедрада әзірленген барлық білім беру бағдарламаларын әлемдік деңгейде тануға ұмтылады.

Кафедра кеден, қаржы, экология, табиғи-ресурстар, жер құқығы саласындағы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу орталығы ретінде экономика мен құқықтың әртүрлі бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу нәтижелерін табысты жүзеге асырып келеді. Білім беру үрдісінің ғылыми ізденістермен ажырамас үйлесімі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің ерекшелігі. Бүгінгі профессор-оқытушылар құрамы-университеттің үздік түлектері - өз ұстаздарының дәстүрлерін жалғастыруда. Кафедра оқытушылары ғылыми зерттеулермен айналысады және заң жобаларын әзірлеуге және оларды сараптауға белсенді қатысады. Кафедра оқытушыларының 30% - дан астамы бірқатар ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының авторлары, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеушілер, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың сарапшылары болып табылады.

Жаһандану жағдайында және әлемнің үздік университеттерінің қатарына кіруге деген ұмтылыс жағдайында осындай университеттермен ынтымақтастықсыз білім мен ғылыми қызмет мүмкін емес. Кафедраның өзінің халықаралық серіктестері бар, олар: РФ ІІМ ғылыми-зерттеу институтының ҒЗО-1 (Ресей Федерациясы), Рига техникалық университеті (Латвия Республикасы), Алтай экономика және құқық академиясы (Ресей Федерациясы), А.С. Грибоедов атындағы Халықаралық құқық және экономика институты (Ресей Федерациясы); Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті (Кырыгызстан); Орталық-Еуропа университеті (Венгрия); РФ басқару академиясы (Ресей Федерациясы); Шығыс құқық институты (Германия); Алматы қаласындағы ЕҚЫҰ Орталығы, ХЕҰ өкілдігі, ЮСАИД; М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (Ресей Федерациясы), Т. Шевченко атындағы Киев университеті (Ресей Федерациясы), Молдова мемлекеттік университеті (Ресей Федерациясы), Берлиннің Еркін университеті (Германия); Шыңжаң педагогикалық университеті (ҚХР) және т. б.