«Қазақ тілі коммуникативтік мәдени жүйеде: теориясы мен практикасы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция

«Өнегелі өмір» сериясының 49-шы шығарылымы Рақыш Сәтұлына арналды

 ҚазҰУ кітапханасында филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы  Әмір Рақыш Сәтұлының 85 жасқа толу мерейтойына орай «Қазақ тілі коммуникативтік мәдени жүйеде: теориясы мен практикасы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік  конференция болып өтті.

Жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы: «Өмірі өнеге, еңбегі ғазиз, тағылымы мол Рақыш Әмірдің ұстаздық еңбегі ерен, көргені мен түйгені көп» деп сөз бастады.

Қазақ тіл білімінің күрделі салаларының бірі – сөйлеу тілі синтаксисінің ерекшелігін зерттеген ол қазақ тілі пәнін оқыту әдістемесіне өзіндік үлесін қосқан. Еңбек жолын алғаш 1955-1964 жылдары Р.С.Әміров Қазақ КСР Оқу министрлігіне қарасты педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер болып бастаған. Кейіннен «Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшелігі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, әдіс-тәсілдері, амал-нышандарымен қоса, оны меңгертудің жолдарын көрсеткен ұстаз.

Сексеннің сеңгіріне шықса да әлі тың көрінер абыз ақсақалдың көзі көріп, құлағы естіп, тіпті шәкірттерінің есімдерін ұмытпағаны көпшілікті таңғалдырғаны рас. Ұлағатты ұстаздың қуанышын бөлісуге жиналғандардан Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіҚазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушылары бой көрсетті. Аталмыш оқу орындарынан келген қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, Рақыш Әміровке бағалы сыйлықтарын табыстаса, енді бірі иығына зерделі шапан жауып, «бүгінгінің ақсақалы» деп ерекше сый-құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, онлайн байланысқа шығып, өз құттықтауларын жолдаған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, филология факультетінің ұстаздары да Рақыш Сәтұлына әдемі қарттық тілесті. «Өнегелі өмір» сериясының осы жолғы санында авторға арналған Ж.Дәулетбекованың: «Ұстаз ұлағаты», «Тереңнен тамыр тартқан» С.Исабеков, Ө.Қарашиннің: «Жайсаң жан», Б.Жанабайдың: «Ғылымдағы сара жол» сынды көптеген құттықтаулар мен баяндамалар, мақалалар мен эсселер жарық көрген. Тегеурінді тұжырымы мол әдіскер ғалымның қазақ тіл біліміне қосқан өлшеусіз еңбегі ел есінде мәңгі қалары анық.

 
   

Басылым күні :  03.05.2015