Кафедраның тарихы

МАТЕМАТИКА КАФЕДРАСЫ

"Математика" кафедрасы 2020 жылы университетте бұрыннан бар "Іргелі математика", "Дифференциалдық теңдеулер және басқару теориялары" сияқты кафедралардың негізінде құрылды

Дифференциалдық теңдеулер және басқару теориясы кафедрасы факультеттің жетекші екі кафедрасының, яғни дифференциалдық теңдеулер және математикалық физика теңдеулері кафедрасы мен басқару теориясы кафедраларының бірігуімен 2011 жылдың қыркүйегінде құрылды.

Дифференциалдық теңдеулер кафедрасы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор К.П. Персидскийдің басқаруымен 1946 жылдың шілде айында ашылған еді.

Кафедра алғашқы жылдардан бастап-ақ дифференциалдық теңдеулер, комплекс айнымалы функциялар теориясы, ықтималдықтар теориясы, интегралдық теңдеулер, вариациялық есептеулер және орнықтылық теориясы сияқты іргелі пәндерді тиісті университеттік деңгейде оқыту жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл К.П. Персидский басқарған ҚазССР ҒА Математика және механика секторының қызметкерлерін қосымша жұмысқа шақырумен іске асырылған болатын.

1940 жылдардың соңында кафедра қалыптасып, кафедраны бітірушілердің математикалық дайындығын күшейту мақсатында, ол кезде университеттің оқу жоспарында жоқ: функционалдық талдау, топтар теориясы, топология және тағы басқа математиканың бөлімдерін оқыту енгізілді. 50 жылдардың басында кафедра факультетте есептеу математикасын оқытып, соңынан сәйкес зертхананың құрылуы арқылы мамандар дайындады.

Кафедрада дифференциалдық теңдеулердің орнықтылық теориясы, дифференциалдық теңдеулердің саналмалы және ақырсыз жүйесі теориясы, сызықты нормаланған кеңістіктегі дифференциалдық теңдеулер, абстракты-голоморфты функциялар теориясы және олардың дифференциалдық теңдеулерге қолданылуы, ғылымға К.П. Персидский енгізген «сызықты емес нормаланған кеңістіктердегі» математикалық талдау мен дифференциалдық теңдеулер бойынша кеңінен ғылыми жұмыстар басталды.

1952 жылдан 1968 жылға дейін кафедра жанында ҚазССР ҒА академигі ф.-м.ғ.д., профессор К.П. Персидскийдің төрағалық етуімен физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын беретін Ғылыми кеңес жұмыс істеді.

Әртүрлі жылдары кафедрада

  • Ө.М. Сұлтанғазин, ҚР ҰҒА академигі
  • В.М. Амербаев, ҚР ҰҒА академигі
  • Қ.Ә. Касымов, ҚР ҰҒА академигі
  • Т.Ш. Кальменов, ҚР ҰҒА академигі
  • Ш.С. Смағұлов, ҚР ҰИА академигі
  • Т.И. Аманов, ҚР ҰҒА корр. мүшесі, ф.-м.ғ. д., профессор
  • Н.К. Блиев, ҚР ҰҒА академигі
  • М.Ө. Өтелбаев, ҚР ҰҒА академигі
  • Ю.Г. Золотарев, ф.-м.ғ. д., профессор
  • М.А. Садыбеков, ф.-м.ғ. д., профессор
  • Ж.М. Мырзалиев, ф.-м.ғ. д., профессор
  • Г.Н. Багаутдинов, профессор
  • Т.Б. Досым, профессор
  • Я.М. Гольцер, ф.-м.ғ. д., профессор
  • Т.Н. Нурекенов, ф.-м.ғ. д., профессор
  • М.И. Рахымбердиев, ф.-м.ғ. д., профессор
  • М.Я. Ятаев, ф.-м.ғ. к., доцент
  • С.А. Усольцев, ф.-м.ғ. к., доцент
  • Л.Я. Пьянзина, ф.-м.ғ. к., доцент
  • У.К. Калижанов, ф.-м.ғ. к., доцент
  • А.А. Бедельбаев, ф.-м.ғ. к., доцент
  • Л.М. Даирбаева, ф.-м.ғ. к., доцент
  • Е.П. Ерощенков, ф.-м.ғ. к., доцент
  • Д.Н. Турмухамбетов, ф.-м.ғ. к., доцент
  • Л.В. Хан, ф.-м.ғ. к., доцент
  • Н.И. Лобанова, ф.-м.ғ. к., доцент
  • И.Б. Байсакалов, ф.-м.ғ. к., доцент
  • А.А. Хабибуллин, ф.-м.ғ. к., доцент
  • Ж.С. Бейсалиев, аға оқыт., ҰОС қатысушысы, панфиловшы

қызмет атқарған.

Дифференциалдық теңдеулердің әртүлі салаларының қазіргі заманғы тараулары бойынша лекциялар оқу үшін кафедраға

  • Ю.С. Богданов (Минск, БГУ),
  • А.С. Галиуллин (Москва, УДН),
  • Е.А. Гребенников (Москва, МАИ),
  • И.А Киприянов (Воронеж, ВГУ),
  • Н.К. Куликов (Москва, ИТП),
  • Р. Мухарлямов (Москва, УДН),
  • Н.Х. Розов (Москва, МГУ),
  • Ю.А. Рябов (Москва, МАДИ)

және басқалар жиі келіп тұрды.

Кафедраны әр жылдарда

  • Т.И. Аманов, ҚазССР ҒА корр.-мүшесі, ф.-м.ғ.д, проф.
  • Г.Н. Багаутдинов, проф., (1971-1982 жж)
  • Ж.С. Сүлейменов, п.ғ. д., проф. , (1979-1981, 1990-1991 жж)
  • Ш.С. Смагулов, ҚР ҰИА акад., ф.-м.ғ.д, проф., (1983-1985 жж)
  • Т.Ш. Кальменов, ҚР ҰҒА акад., ф.-м.ғ.д, проф., (1985-1989 жж)
  • Н.И. Лобанова, ф.-м.ғ.к, доц., (1989-1990 жж)
  • Ж. Мырзалиев, ф.-м.ғ.д, проф., (1991-1992 жж)
  • К.А. Касымов, ҚР ҰҒА акад., ф.-м.ғ.д, проф.? (1992-2005 жж)
  • М.К. Дауылбаев, ф.-м.ғ.д, проф., (2005-2011 жж)

басқарған.

1946 жылдан 1997 жылдар арасында дифференциалдық теңдеулер кафедрасында 700 астам факультет түлектері дайындықтан өтті және олардың осы ғылыми бағытта 150 – ден астамы кандидаттық диссертациялар қорғады, олардың кейбіреулері ғылым докторы болды: С.С. Абдыманапов, В.М. Амербаев, А.К. Бедельбаев, Н.Қ. Блиев, Е.И. Глузберг, О.А. Жаутыков, Д.С. Жұмабаев, Ю.Г. Золотарев, Қ.Ә. Қасымов, К. Мыңбаев, Е.У. Медеуов, И.Т. Пак, С.К. Персидский, Ө.М. Сұлтанғазин, Ж.С. Сүлейменов, М.У. Төлегенов, Д.Ү. Үмбетжанов, В.Х. Харасахал және басқалар. Кафедра бітірушілердің көпшілігі ЖОО, ҒЗИ, факультеттерді, кафедраларды, мектептерді басқарады.

Математикалық физика теңдеулері кафедрасының ашылуы Қазақстандағы математикалық физика теңдеулері мектебінің негізін қалаушы, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, ф.-м.ғ.д, профессор Е.И. Кимнің атымен тығыз байланысты. Ол Харьков политехникалық институтының жоғарғы математика кафедрасын басқара отырып, Қазақ мемлекеттік университеті үшін ғылыми кадрларды дайындауда белсенді жұмыс атқарды. Болашақ ғылым докторлары Б.Б Баймұханов, К.К. Кабдықаиров, М.О. Орынбасаров, профессорлар Л.Ж Жумабеков, В.Х. Ни оның жетекшілігімен Харьков математикалық қоғамында ғылыми дайындықтардан өтті.

1997 ж. дифференциалдық теңдеулер және математикалық физика теңдеулері кафедраларының орнына біріккен дифференциалдық теңдеулер және математикалық физика (ДТ және МФ) кафедрасы ұйымдастырылды.

1959 ж. құрылған және ұйымдастырылуы математикалық физика теңдеулерінің Қазақстандық мектебінің негізін қалаушы Е.И. Кимнің есімімен байланысты математикалық физика теңдеулері кафедрасын

  • С.А. Усольцев (1959-1966 жж)
  • Е.И. Ким, профессор, (1966-1973 жж)
  • М.О. Орынбасаров, профессор, (1973 – 1987 жж)
  • М.Б. Төлегенова, доцент, (1987 – 1988 жж)
  • Қ.Ә. Қасымов, профессор, (1988 – 1991 жж)
  • С.Е. Темірболат, профессор, (1991 – 1996 жж)

басқарған.

2011 ж. дифференциалдық теңдеулер және математикалық физика теңдеулері кафедрасы мен басқару теориясы кафедрасын біріктіру негізінде дифференциалдық теңдеулер және басқару теориясы кафедрасы ұйымдастырылды.

Басқару теориясы кафедрасы 1975 жылы құрылған болатын. Отыз жылдан аса (құрылған күннен 2009 жылға дейін) кафедраға математикалық басқару теориясы саласының көрнекті маманы, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, техника ғылымдарының докторы, профессор Айсағалиев Серікбай Әбдіғалиұлы үзіліссіз басшылық етті. Профессор С.Ә.Айсағалиев құрған математикалық басқару теориясының ғылыми мектебі өзінің басқарылымдылық теориясы, тиімді басқарудың шекаралық есептері, классикалық шекаралық есептердің конструктивті теориясы, реттелетін және фазалық жүйелердің абсолюттік және глобалдық асимптотикалық орнықтылығы бойынша іргелі зерттеулер нәтижелерімен белгілі.

2009 жылдан 2011 жылға дейін кафедраны шексіз өлшемді жүйелерді тиімді басқару теориясының, математикалық физиканың, бейсызық функционалдық талдаудың белгілі маманы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Серовайский Семен Яковлевич меңгерді. 2011 жылдың мамыр айынан шілдеге дейін кафедра меңгерушісі қызметін көп жылдардан бері осы кафедрада жұмыс істейтін физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Иманқұл Төлеухан Шойбасұлы атқарды.

2011 ж. шілде айынан, кафедра құрылған уақыттан бері дифференциалдық теңдеулер және басқару теориясы кафедрасының меңгерушісі - ф-м.ғ.д., профессор Мұхамбетжанов Салтанбек Талапеденұлы.

Қазіргі уақытта кафедрада 9 ғылым докторы, профессорлар, 20 ғылым кандидаты, доценттер, 4 ҒАМИ академигі, бір ҚР ҰИА корреспондент-мүшесі және бір Қазақстан Республикасының Ғылымына еңбегі сіңген қайраткері бар.

Іргелі математика кафедрасы университет Кеңесінің 31 қазан 1989 ж (хаттама №2) шешімі және ҚазМУ-дің ректорының 05.12.1989 ж. №206 Бұйрығымен «Функционалдық анализ және ықтималдықтар теориясы» деген атпен ұйымдастырылған. Бұл шешімнің алдында Қазақ ССР Ғылым Академиясы Президумының С.М. Киров атындағы Казақ мемлекеттік университетінің математика факультеті негізінде ықтималдықтар теориясы саласынан мамандар дайындаудың аса қажеттігі жөнінде шешімі шыққан болатын. Кафедра құрылған кезде кафедрада штат бойынша 8 профессор - оқытушы болды. Олар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Т.Ш.Кальменов, ф.-м.ғ.к., доценттер А.А.Беделбаев, Н.Қ.Аренбаев, ф.-м.ғ.к., аға оқытушылар Н.Ақанбаев, Л.В. Хан, ф.-м.ғ.к., ассистент Д.Н.Тұрмұханбетов, ал 1 доцент, 1 аға оқытушының орны бос болды.